Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Алмас Наймантаевқа еліміздегі мектепке дейінгі тәрбие саласындағы қауіпсіздік мәселесіне қатысты сауал жолдады, деп жазады Alash.kz.
Халық қалаулысы деструктивті діни ағым өкілдерінің жекеменшік балабақшалар ашу арқылы өскелең ұрпақтың санасына әсер ету қаупіне алаңдаушылық білдірді. Осыған байланысты депутат құзырлы орган өкілінен мұндай фактілердің алдын алу үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады.
Депутат өз сауалында теріс діни топтардың бақылауындағы білім беру нысандарының көбеюі ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіретінін атап өтті. Абзал Құспан бұл бағыттағы жұмыстың жүйелілігін нақтылау мақсатында:
"Ақпарат тек қана ақпарат құралдары арқылы, әдебиеттер арқылы тарамайды. Ол сонымен қатар білім арқылы да таралатыны белгілі. Білім және тәрбие арқылы. Қазіргі таңда елдіміздегі балабақшаларда жеткілікті орын болмауына байланысты жеке балабақшалар ашу - кеңінен тараған үрдіс. Еліміздің батыс өңірлерінде көптеген діни топ өкілдері жеке балабақшалар ашып, қандай тәлім-тәрбие беріп жатқаны - белгісіз. Біз бұл туралы бұрын айттық. Атырау қаласындағы балабақшалар туралы айттық. Осыған байланысты Ұлтттық қауіпсіздік комитетіне "білім және тәрбие" мәселесіне тексеру құзіретін кеңейту қажет деп есептемейсіз бе?" - деді.