Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қазақстандық әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты ресми түрде көңіл айтты, деп хабарлайды Alash.kz.
Бауырлас мемлекеттің сыртқы саясат ведомствосы апат салдарынан қаза тапқандардың жақындары мен Қазақстан халқының қайғысына ортақтасып, арнайы мәлімдеме жасады.
«Каспий теңізінде Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің әскери оқу-жаттығуы кезінде адамдардың қайғылы түрде қаза тапқаны туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдадық. Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына, сондай-ақ бауырлас Қазақстан халқы мен Үкіметіне шын жүректен көңіл айтамыз. Алла тағала марқұмдарға мәңгілік тыныштық, ал олардың отбасыларына осы бір ауыр сәтте күш-жігер мен төзім берсін. Дауыл кезінде із-түзсіз жоғалғандардың аман-есен табылуына үміттенеміз және зардап шеккен әскери қызметшінің тезірек сауығып кетуін тілейміз», — делінген Әзербайжан Сыртқы істер министрлігінің таратқан хабарламасында.