Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Тасымалдау қиынға соғады: Дрон шарбуылы күшейіп, Қазақстан мұнайына қауіп төнді

10:22, 06 тамыз 2026

Дрон шабуылдары күшейді. Қазақстан мұнайын тасымалдайтын танкерлерге қауіпсіздік шаралары күшейтілді, деп хабарлайды ALASH.KZ.

Қара теңіздегі дрон шабуылдарының жиілеуіне байланысты Қазақстан мұнайын тасымалдайтын танкерлер экипаждарына қауіпсіздік талаптарын барынша күшейту ұсынылды.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) теңіз терминалына бағыт алған танкерлерге жасалып жатқан шабуылдардан кейін кеме иелеріне қауіпсіздік ережелерін қатаңдату жөнінде ескерту берілген.

Теңіз кемелерінің қауіпсіздігімен айналысатын британдық Ambrey компаниясы Қара теңіз порттарына танкерлерді жіберер алдында барлық ықтимал қауіп-қатерді жан-жақты бағалауға кеңес берген. Сондай-ақ экипаж мүшелеріне жаңа шабуыл болған жағдайда арнайы паналау орындарында болу ұсынылған.

Нарық қатысушылары қалыптасқан жағдайға алаңдаушылық білдіруде. BRS кеме брокерлік компаниясының есебінде Каспий құбыр консорциумының терминалы Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие екені айтылған. Сондықтан мұнай экспортындағы кез келген ұзақ мерзімді үзіліс өңірлік нарыққа кері әсер етуі мүмкін.

Халықаралық көлік қызметкерлері федерациясының бас хатшысы Стивен Коттон танкерлердің әскери нысан емес екенін айтып, азаматтық теңізшілерге жасалған шабуылдарды қатаң сынға алды.

– Бейбіт теңізшілердің қаза табуы – мүлде қабылдауға болмайтын жағдай. Олардың өмірі әскери мақсаттарға жетудегі «жанама шығын» ретінде қарастырылмауы тиіс. Бұл – адамгершілікке жат әрі өте қауіпті үрдіс, – деді ол.

Сарапшылардың айтуынша, Қара теңіздегі шабуылдар мұнай экспортымен қатар астық тасымалына да әсер етіп жатыр. Соның салдарынан әлемдік азық-түлік нарығында да қысым күшейе түскен.

Соңғы бір аптада КҚК теңіз терминалында мұнай тиеуге арналған танкерлерді жалға алу құны тәулігіне 200 мың доллардан 300 мың доллардан жоғары деңгейге дейін, яғни шамамен бір жарым есеге өскен. Сонымен бірге кемелерді сақтандыру бағасы да күрт қымбаттаған.

Мамандардың бағалауынша, тасымал құнының өсуі мұнай жеткізу шығындарын айтарлықтай арттырып, әлемдік мұнай нарығындағы ұсыныстың шамамен 3 пайызға қысқаруына ықпал етуі мүмкін.

Сондай-ақ Каспий құбыр консорциумы терминалының жұмысына байланысты қиындықтар фосфат тыңайтқыштарын өндіруде қолданылатын күкірт бағасының да күрт өсуіне себеп болғаны хабарланды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар