Қазақстандық спортшылар Алдияр Рамазанов пен Ясмина Исламова әртістік жүзуден жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс медаль иеленді. Жарыс Мажарстан астанасы Будапештте өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі, деп жазды Alash.kz.
Аралас жұптар арасындағы еркін бағдарлама финалында қазақстандық дуэт 248,1058 ұпай жинап, екінші орынға ие болды.
Бұл – Қазақстанның жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында микс-дуэт санатындағы алғашқы жүлдесі. Бұған дейін отандық спортшылар аталған бағдарламада жүлдеге ілікпеген.
Жарыс қорытындысы:
- Алтын медаль - Испания – Арнан Санта-Крус / Санчес Агилар – 263,2992 ұпай;
- Күміс медаль - Қазақстан – Алдияр Рамазанов / Ясмина Исламова – 248,1058 ұпай;
- Қола медаль - Жапония – Хейзо Айтака / Манами Додо – 246,9850 ұпай.
Осылайша Қазақстан құрамасы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында екінші медалін жеңіп алды. Бұған дейін ерлер арасындағы техникалық соло бағдарламасында Виктор Друзин қола жүлдеге ие болған.