АҚШ Президенті Дональд Трамп қысымды арттыру үшін Иранның инфрақұрылымына қайтадан жойқын соққы беруге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.
АҚШ Президенті Иранды шиеленісті ушықтырудан бас тартқызуға бағытталған жаңа шабуылдар сериясын әзірлеуді тапсырып қойған. Дереккөздер әскери операцияның таяу демалыс күндері басталып кетуі мүмкін екенін алға тартады. Мұнымен қоса, соңғы шешім әлі толық қабылданған жоқ. Егер келіссөз барысында оң өзгеріс байқалса, АҚШ басшысы әскери жоспарды кейінге шегеріп, дипломатиялық диалогқа бет бұруы ықтимал.
Америка лидері Иран тарапын тығырыққа тірейтіндей қатаң шаралар қолдануға ниетті екенін жасырмады.
«Біз оларға бар пәрменімізбен тап береміз. Соңында Тегерандағы басшылық: «Біз бұдан әрі шыдай алмаймыз» деуге мәжбүр болады», — деді Дональд Трамп.
Сонымен қатар CBS News телеарнасы АҚШ пен Израиль Иранның энергетикалық нысандарына бірлесіп соққы беру жоспарын қарастырып жатқанын хабарлады. Мұнай өңдеу зауыттары мен электр станциялары нысанаға алынуы мүмкін. Бұл операция бірнеше күнге созылады деп болжануда. Алайда АҚШ Президенті тарапынан бұл әрекетке де әлі соңғы рұқсат берілмеген.
Еске сала кетейік, шілде айында Америка әскері Ормуз бұғазындағы кеме қатынасына Иран Ислам төңкерісі сақшылар корпусы тарапынан төнген қауіпті жою мақсатында Ирандағы әскери нысандарға соққы жасаған еді. Ал Тегеран оған жауап ретінде америкалық базаларды нысанаға алдық деп, көршілес елдердің территориясына зымырандар ұшырған.
24 шілдеден бері тараптар шабуылды уақытша тоқтатты. The New York Times басылымының жазуынша, бұған Таяу Шығыстағы Patriot және өзге де әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері зымырандарының таусылу қаупі мен әлемдік энергетикалық әрі экономикалық дағдарыс қатері себеп болған. Соған қарамастан, 30 шілдеде америкалық күштер өңірдегі өз әскерилеріне жасалмақ болған зымыран шабуылына жауап ретінде Иран нысандарына қайтадан соққы берді.