Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Таяу Шығыстағы қақтығыс Қазақстанның мұнай бағасына қалай әсер етті?

16:22, 18 наурыз 2026

Геосаяси тұрақсыздық пен логистикалық тізбектердің өзгеруі аясында қазақстандық CPC Blend мұнай сортының нарықтағы бағасы айтарлықтай қымбаттады, деп хабарлайды Alash.kz. 

Шикізат тапшылығы сезілген тұста Каспий мұнайы еуропалық өңдеушілер үшін негізгі баламаның біріне айналып, Brent маркасынан да жоғары құнмен саудалана бастады.

Reuters агенттігінің мәліметінше, наурыз және сәуір айларына жоспарланған CPC Blend партиялары Brent эталонына қарағанда барреліне 1–2 доллар үстемемен ұсынылуда. Бұл көрсеткіш бұрынғы баға белгілеу жүйесінен түбегейлі ерекшеленеді, себебі бұған дейін отандық шикізат 5 долларға дейінгі жеңілдікпен (дисконт) сатылып келген болатын. Сарапшылар мұндай трендтің қалыптасуына Жерорта теңізі мен Еуропа нарықтарында Каспий ресурстарына деген сұраныстың күрт артуы себеп болғанын айтады.

Дегенмен, мұнай экспортының тұрақтылығына әсер ететін бірқатар кедергілер әлі де сақталып отыр. Атап айтқанда, Новороссийск портындағы инфрақұрылымдарға жасалған дрон шабуылдары мен қолайсыз ауа райы жағдайлары жеткізілім тізбегіне қауіп төндіруде. Мәселен, өткен жылдың соңында орын алған техникалық іркілістер мен шабуылдар салдарынан Қазақстандағы жалпы мұнай өндірісі 6%-ға төмендеген болатын. Сондай-ақ Теңіз кенішіндегі жөндеу жұмыстары мен технологиялық мәселелер де экспорт көлеміне өз салқынын тигізіп отыр.

CPC Blend сорты негізінен еліміздегі ірі Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кеніштерінен алынып, Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы әлемдік нарыққа шығарылады. Трейдерлердің болжамынша, Таяу Шығыстағы қақтығыстар жалғасқан сайын Каспий мұнайының стратегиялық маңызы арта бермек. Соған қарамастан, бағаның алдағы құбылмалылығы тікелей геосаяси ахуал мен экспорттық бағыттардың қауіпсіздігіне тәуелді болмақ.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар