Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жезқазған медициналық орталығына Түркиядан әлемге танымал нейрохирург келді

19:42, 17 наурыз 2026

Жезқазған медициналық орталығы әлемдік деңгейдегі нейрохирургия сарапшысын қабылдады, деп хабарлайды Alash.kz.

«Жезқазған медициналық орталығы» халықаралық ынтымақтастықты нығайтып,  заманауи нейрохирургиялық тәжірибелерді енгізуде. Түркияның Medicana Health Group желісімен орнатылған әріптестік аясында орталыққа балалар және функционалдық нейрохирургия саласының әлемге танылған сарапшысы, профессор Erdinç Özek келді.

Сапар 13 наурыз күні дәрігерлерге арналған білім беру дәрісінен басталды. Профессор балаларда кездесетін неврологиялық ауруларды анықтау мен емдеудің озық тәсілдерімен таныстырды. Аутизм, spina bifida және балалардың церебралды сал ауруы сияқты күрделі жағдайларға ерекше назар аударылды. Нақты клиникалық жағдайларды талдау және науқастарды емдеуге қатысты практикалық ұсынымдар мамандардың ерекше қызығушылығын туғызды.

14-15 наурыз күндері профессор нейрохирургиялық ауытқушылығы бар 80 науқасты қабылдады. Өңір тұрғындары білікті маманнан кеңес алып қана қоймай, халықаралық емдеу хаттамаларымен танысу мүмкіндігіне ие болды.

Сапар барысында нейрохирургия саласындағы озық бағыттар таныстырылды. Олардың қатарында дің жасушаларымен емдеу, гидроцефалияны емдеу, бас және жұлын ауруларына жасалатын хирургиялық ота, сондай-ақ миды терең стимуляциялау (DBS) және VNS-терапия сияқты нейромодуляцияның заманауи әдістері болды.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай кездесу тәжірибе алмасуға ғана емес, озық медициналық технологияларды өңірлерге жедел енгізуге жол ашады. Жезқазған медициналық орталығы мамандарының мәлімдеуінше, халықаралық байланысты дамыту — тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмек сапасын арттыруға тікелей әсер ететін негізгі бағыттардың бірі болып саналады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар