Қазақстан мектептерінде Наурыз мейрамын мерекелеу кезінде оқушылар арасында жаппай улану қаупін болдырмау мақсатында ас беруге және дастархан жаюға шектеу енгізілді, деп хабарлайды Alash.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл шешім білім беру ұйымдарындағы санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті сақтау қажеттілігінен туындаған. Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі бұл талаптың балалардың денсаулығын қорғауға бағытталғанын түсіндірді. Мамандардың айтуынша, сырттан әкелінген тағамдардың сапасы мен дайындалу технологиясына мектеп әкімшілігі жауап бере алмайды.
«Расында да, мектептерде Наурыз мейрамында дастархан жаюға шектеу бар. Бұл, ең алдымен, балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамысз ету талаптарына байланысты. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес, білім беру ұйымдарында сырттан әкелінген тағамдарды тұтынуға рұқсат етілмейді. Себебі мектеп әкімшілігі тамақтың сақталу жағдайына, дайындалу барысындағы талаптардың сақталуына және сапасына толық жауап бере алмайды. Бұл талаптар балалардың денсаулығына қауіп төндірмеу мақсатында енгізілді», — деп мәлімдеді өңір әкімдігінің өкілдері.
Дегенмен, тамақтануға қойылған шектеулер мерекелік шаралардың өтуіне кедергі келтірмейді. Білім ордаларында тәрбие сағаттары, концерттік бағдарламалар, ұлттық ойындар мен көрмелер бұрынғыша ұйымдастырыла бермек.
Әкімдік өкілдері атап өткендей, қазіргі уақытта мектептерде балаларды ұлттық дәстүрлермен таныстыру және мерекенің рухани мазмұнын түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Негізгі басымдық — оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау.
Бұл бастаманы қолдағандар да, қарсы пікір білдіргендер де табылды:
Керісінше, дастархан жайып, ұлттық музыкамызды қосу керек, балалар бұл қандай мереке екенін білсін, ата-аналар басқа ата-аналармен жақын таныссын, балалар бір-бірімен дос болсын, бұның еш жамандығы жоқ... Сондықтан міндетті түрде дастархан жайып, концерттер мен әндер айтып, көріністер көрсету керек
Мектептегі ең естен кетпес сәттердің бірі – шай ішумен өтетін мерекелер еді. Мектепті 25 жыл бұрын бітірсем де, сол жылы естеліктер әлі есімде. Балалар жақындаса түсетін, мектептен тыс сабақтар мен хоббилерін талқылайтын. Өкінішті-ақ, менің балаларым мұны білмейді және білмейтін де болады.
Бізге мұғаліміміз ұлттық тағам дайындап, ол туралы айтып беруіміз керек деп жазып жіберді. Сұрақ: тағамымыз бізден асып, әрі қарай қайда барады?
Бұған тыйым салатын уақыт баяғыда жеткен. Әйтпесе «ананы әкел, мынаны әкел» деген талап бітпейді. Қазір азық-түлік бағасы аспандап тұрғанда, мектеп үшін тамақ дайындау ата-ананың қалтасына ауыр тиеді. Неге бәрі тек ата-ананың мойнында болуы керек? Дастархан жайылса, мектеп есебінен жасалсын. Сондықтан бұл тыйымды толық қолдаймын!