Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбайдан жас мемлекеттік қызметшілерді қорғаудың қандай тетіктері бар екенін, оларға қандай басымдықтар берілетінін сұрады, деп жазады Alash.kz.
Ринат Зайыт өз сөзінде:
«Мемлекеттік қызметкерлер, әсіресе қатардағы қызметкерлер ең құбыжық блдып көрінетін, һәм қандай да бір артықшылығы жоқ, шарасыз күйде қалып отырған қызметкерлер. Шынын айту керек. Бірдеңе болса, бүкіл жауапкершілік соларда, қандай да бір артықшылығы жоқ. Айлығын тіпті айтпай-ақ қояйық… Қазір олардың айлығы 150-200 мыңның арасы ғана. Ал, артылған жүктеме деген жетеді. Бәрінде солар жүреді. Бір мейрамда артықшылықтары жоқ. «Мүгедектігі бар бала бағып отырған мемлекеттік қызметкер» деген тіпті сөз тіркесі де жоқ. Жас мемлекеттік қызметкерлерді қорғаудың жаңа Ата Заңның аясында қандай мүмкіндіктер бар? Неден қорғау керектігін түсіндіре кетейін… Мысалы, Алматы әкімдігіндегі атышулы моншадан лагерь ашып алған істе жап-жас қатардағы мемлекеттік қызметкер сотталып кетті. Президенттік кадрлық резервтен жас жігіт Алматыда бір мектептен директор болып тағайындалады. Міне, барған беттен бухгалтер 7 миллион теңгені қате аударып жіберген. Бірақ, ол ақшаны орнына қойған. Бәрі, қысым көрсетті де, ана баланы жұмыстан бездірді. Қазір сондай жастар мемлекеттік қызметке жолағысы да келмейді.
Жастарға белгілі бір жұмыс өтілінде екінші мүмкіндік беретін қорғау тетігі бар ма? Қандай артықшылық бере аламыз? Айлығын өсіре алмайтынымыз анық! Қазір бәрі шу ете қалады. Шығынын азайтатын басымдық бере аламыз ба?» деді.
Дархан Жазықбай жауап берді:
«
Біріншіден, мемлекеттік қызмет - елге қызмет ету. Жеке бастың қамын ойламау керек. Сол себепті, мемлекеттік қызметке келетін әр адамда рухани және материалдық мотивациялық тұрғы бар. Осы екеуін тең ұстаса, мемлекеттік қызметкер өз басын алып жүре алады.
Екіншіден, біз заң мен тәртіпке бағынамыз. Яғни, сіз айтқан мысалдарда заң бойынша солай болуы керек шығар… Құқық қорғау мәселесінде мемлекеттік орындардың жанынан құқық қорғау бөлімдері ашылады. Оны тікелей әдеп жөніндегі уәкіл басқарады. Уәкіл сол мемлекеттік органның бірінші басшысына бағынады. Осы заң бойынша өзгерістер еніп, қабылданған жағдайда тікелей агенттікке бағынатын болады. Сол кезде кез келген заңсыздықтың алдын аламыз. Мемлекеттік қызметкерлердің құқығын қорғаймыз».