Атырау қаласында полиция қызметкеріне дене жарақатын салған тұрғынға қатысты сот үкімі шықты. Сот оны кінәлі деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті, деп жазады Alash.kz.
Оқиға 2025 жылдың 17 қазанына қараған түні Привокзальный мөлтек ауданында орын алған. Көршілердің шақыртуымен келген учаскелік полиция қызметкерлері подъезд ішінде мас күйінде жүрген ер адамды анықтап, оны сыртқа шығармақ болған. Алайда, оқиға орнында болған ер адамның жұбайы қарсылық көрсетіп, полицейлердің бірін жұдырықпен ұрып, ернін жарақаттаған.
Жанжал ушыққан соң полиция қызметкері көмекке қосымша күш шақырды. Ер адамды ұстап, сыртқа алып бара жатқан сәтте әйел пышақ қолданып, тағы бір полицейдің оң иығына жарақат салған. Кейіннен жүргізілген сараптама мамандары екі қызметкердің де алған жарақатын денсаулыққа келтірілген жеңіл зиян деп бағалады.
Сотталушының қарауында төрт баласы, оның ішінде екеуі жас бала екенін ескерген сот жазаның орындалуын бес жылға шегерді. Сонымен қатар, сот шешімімен әйелге маскүнемдіктен мәжбүрлі түрде емделу тағайындалды.