Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Бес адам қаза болды». Қайғылы жағдай: Ақтөбе облысында сұмдық жол апаты орын алды

10:08, 18 наурыз 2026

Ақтөбе-Атырау тас жолында болған ірі жол-көлік оқиғасы салдарынан бес адам қаза тауып, бір жолаушы ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта мамандар зардап шеккен азаматтың өмірі үшін күресіп жатыр, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, апаттан аман қалған 33 жастағы азаматтың жағдайы өте ауыр. Ол алған жарақаттарының салдарынан комаға түскен. Науқасқа көмек көрсету үшін санитарлық авиация мамандары тартылып, олар қашықтықтан алғашқы кеңестерін берді. Таяу уақытта дәрігерлер тобының оқиға орнына баруы жоспарланып отыр.

Қайғылы оқиға Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелді кентіне жақын маңда орын алды. Полиция департаментінің мәліметінше, тас жол бойында «ВАЗ» жеңіл көлігі мен «DAF» маркалы жүк көлігі соқтығысқан. Соққының күшті болғаны соншалық, жеңіл автокөліктің жүргізушісі мен оның төрт жолаушысы оқиға орнында тіл тартпай кетті.

Қазіргі таңда аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Мамандар апаттың себептері мен барлық мән-жайын анықтау үстінде. Байғанин аудандық орталық ауруханасына жеткізілген жолаушы дәрігерлердің жіті бақылауына алынды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар