Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Екі ай мерзімге қамауға алынды»: Атыраудағы қанды оқиғаға қатысты жаңа дерек мәлім болды

10:39, 18 наурыз 2026

Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты Жангелдин ауылында бір отбасын өлтірді деп айыпталған 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиевті екі ай мерзімге қамауға алу туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Alash.kz. 

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторындағы аса ауыр қылмыс жасағандарға арналған арнайы камераға орналастырылды. Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, күдікті бір отбасының төрт мүшесін өлтірді деген күдікке ілініп отыр. Қылмыс іздерін жасыру мақсатында марқұм болған ата-ананың мәйіттері Жангелдин ауылындағы шаруашылық құрылысына көмілгені анықталды. Ал ерлі-зайыптылардың ұлы мен қызының денелері Геолог мөлтек ауданындағы күдікті бұған дейін жалдап тұрған үйдің ауласынан табылған.

Айыпталушы Индонезия аумағында ұсталып, Атырауға жеткізілген болатын. Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, оны ұстау кезінде қаза тапқандардың жеке куәліктері, банк карталары мен ұялы телефондары сияқты жеке заттары тәркіленді. Бұл айғақтар іс материалдарына тіркелді.

Қазіргі таңда аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Полиция департаменті оқиғаның барлық мән-жайын мұқият тексеріп, тиісті сараптамалар тағайындады. Тергеу барысы құзырлы органдардың жіті бақылауына алынған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар