Еуропалық Одақтың Ресейге қарсы қабылдаған 20-шы санкциялар пакеті Қазақстанға тікелей әсер етпейді. Бұл туралы ЕО-ның арнайы өкілі Дэвид О’Салливан ресми мәлімдеме жасады, деп жазады Alash.kz.
Арнайы өкілдің айтуынша, Еуроодақ үшінші елдерге қатысты екінші деңгейлі санкциялар енгізу саясатын ұстанбайды. Қазіргі уақытта еуропалық тараптың Қазақстанның ресми билігіне немесе экономикалық бағытына қатысты ешқандай наразылығы жоқ.
Дегенмен, халықаралық шектеулер жекелеген қаржы институттарына әсер етуі мүмкін. Егер нақты банктер санкциялық режимді бұзатын болса, оларға еуропалық қаржы ұйымдарымен транзакциялар мен операциялар жүргізуге тыйым салыну қаупі бар.
Дэвид О’Салливан Еуропалық Одақтың бүкіл әлем бойынша, соның ішінде Қазақстандағы банктердің қызметін жіті қадағалап отырғанын атап өтті. Бұл шара халықаралық шектеулерді айналып өту мүмкіндіктерін болдырмау мақсатында жүзеге асырылуда.