Елорда төрінде Наурыздың нағыз думанды мейрамы өтті! Астананың қақ ортасында бес мыңнан астам адамның қатысуымен «Ұлттық үн» атты ғаламат музыкалық кеш ұйымдастырылып, көне аспаптардың сиқырлы үні мерекелік көңіл-күй сыйлады, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Ж. Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайының іші бұл күні ерекше күйге бөленді. Бес мың өнерпаз бір мезетте әйгілі «Шернияз» күйін күмбірлетіп, «Наурыз» әнін шырқағанда, тыңдарманның рухы асқақтап, делебесі қозбауы мүмкін емес еді. Бұл жай ғана концерт емес, қазақтың қайсар рухы мен ұлттық өнерінің салтанат құруы болды.
Кештің басты ерекшелігі – ұмыт болып бара жатқан көне аспаптардың үнінде. Уілдек пен кернейдің айбынды дауысы, сазсырнай мен жетігеннің нәзік сазы, дауылпаз бен шаңқобыздың тылсым үні тоғысып, даланың азат рухын сезіндірді. Айтқали Жайымов, Дархан Рахымғалиев және Әділет Азбаев сынды майталман дирижерлер бастаған бұл ұлы оркестр ұлттық мәдениетіміздің терең тамырын тағы бір мәрте паш етті.
Бұл думанға Президенттік оркестрден бастап, «Qazaqconcert» әртістері, Ұлттық ұлан сарбаздары мен мектеп оқушыларына дейін бір кісідей атсалысты. Астана әкімдігінің қолдауымен өткен бұл жоба Наурыз мейрамының шырайын ашып, халықтың бірлігі мен өнерге деген шексіз махаббатының айқын көрінісіне айналды. Ғасырлар қойнауынан жеткен ұлттық мұрамыз бүгінгі заманмен үндесіп, елорда төрінде нағыз өнер мерекесін сыйлады.
Есет Байкен, Астана қаласы әкімінің орынбасары:
Астанада 5 мыңнан астам музыкант бірлесіп «Шернияз» күйі мен «Наурыз» әнін орындады. Әдемі!
Көне ұлттық аспаптардың үні естілгенде, кең даламыздың тынысы мен дәстүріміздің қуаты сезіледі. Осындай сәттер мәдениетіміздің қаншалықты бай екенін тағы еске салады.








