Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Таблиғи жамағат, хизб ут тахрир: Мұхамеджан Тазабек өзінің діни адасуы туралы бар шындықты айтты (ВИДЕО)

11:40, 26 мамыр 2025 5409

Қоғам қайраткері, айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек өткен өмірінде түрлі діни топтар өзін тартқанын айтып, шындықпен бөлісті.

Бұл туралы ол  “Уақыт көрсетеді” YouTube арнасына берген сұқбатында баяндады, деп хабарлайды ALASH.KZ Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап.

Сұхбат барысында журналист Тазабектің кезінде дін жолында адасқаны жайлы айтқан сөзін есіне салды. Ақын бұл ақпараттың бұрмаланып кеткенін жеткізді.

"Қоғамда тараған сөздердің көбі ол жерде болған әңгіме жөнінде емес, соған көзқарастар жайында. "Самаурынның суы ағып, Самарқанды су алды" дегендей біз ұстаздардың арасында отырып, тақырыптарды талдаған кезде соны көптеген сайт Мұхамеджан адасқан екен деп таратты. Мен күлдім де қойдым. Ал шынтуайтында, қоғамда адамдар бір-біріне қатты әсер етеді. Мен топтармен де, адамдармен де, үлкен ақсақалдармен де, жастармен де араластым. Адам адамға манипуляция жасайды ғой, әйел күйеуіне, күйеуі әйеліне, сол сияқты әртүрлі ортада болған соң, әртүрлі әңгіме болды. Біз атақты адам болған соң қатарына қосқысы келіп, біз арқылы абырой жинағысы келгендер де болды. Соның себебінен осындай әңгімелер тарқады. Бірақ біреуді адастырып немесе адасып кеткен жерім жоқ. Өйткені заң орындары да, ұстаздар да естіп-көріп жүр", - деді Мұхамеджан Тазабек "Уақыт көрсетеді" ютуб арнасына.

"Сонда сіздің мен адастым, дұрыс жолға түстім деген сөзіңізді қиып алды ма?", - деді журналист.

"Мені әртүрлі топ тартты. Бірақ мен олардың адасуына ілескен жоқпын. Ал енді кейбір түсінбей жүрген, күмәнді болып жүрген сұрақтарыма мүфтият арқылы, ғалымдар арқылы жауабын таптым. Қандай топ бар соның бәріне тартты. Енді бізде әуелгі кезде "таблиғи жамағат" көптен тарқады. Сол кезде осы жамағаттың Бішкектен келген, басқа жақтан келген топтары телефон алып, шай ішсек, әңгімелессек деп шақыратын. Одан кейін хизб ут тахрир деген топтар шықты. Олар да тартты. Содан соң Аслан Мусиннің баласы Асылбек дегендер құраншылар болып, сол кездері дәуірлеп тұрды. Бірақ ешқайсына белсене кіріп немесе ортақтасып кеткен жеріміз болған жоқ. Себебі мен ә дегенде діни ортаға жақсы адамдардың есебінен келдім. Халиф Алтай ақсақалымыз болды. Басқа да тарихшы Сәрсенбі Дәуіт ағаларымыз да болды. Басынан өздері дұрыс бағыт-бағдар берді. Бірақ сол кездері тоқсаныншы жылдардың ортасында намазға жығылған адамдардың ішінде атақты, беделді, ықпалды адамдар аз болды. Біз енді сол кездері өте атақты болғандықтан, барлық жерде біздің атымыз тіркеліп, айтылып жүрді", - деді ол.

Сонымен қатар журналист Тазабекке 2019 жылы Айша қызын ұзатқан кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі жазылған кітапты қызының жасауы етіп бергенін де атап өтті.

"Сол кезді есіңізге түсіріп кетсем. Қандай қоғам басшысын қадір тұтып, оған бағынса, сол қоғамда береке орнайды. Біздің басшымыз Нұрсұлтан Назарбаев. Оның осынша жылдар бойы мемлекет үшін істеген қызметін біліп, өскелең ұрпаққа сіңіре жүруіміз керек дедіңіз. Жуырда екінші қызыңызды ұзатқан кезде неліктен сіз Назарбаевтың еңбегі жазылған кітапты жас отбасыларға сыйламадыңыз?", - деді журналист.

"Назарбаев қазір президент емес қой. Қай кезде кім президент болады, сол кездегі патшаға бағынуды насихаттауды айтамын", - деді ол.

Осы тұста журналист Тоқаевтың кітабын неліктен бермегінін сұрады.

"Тойда болған адамдар болса біледі, Тоқаевтың аты аталып, есімі батаның ішіне қосылды. Әрбір президенттің кітабын беру - шарт емес қой", - деп қысқа қайырды Мұхамеджан Тазабек.

Сұқбатта Қазақстанда заңның орындалмауы жиі айтылатыны және Тазабектің елдің шариғатпен өмір сүргенін қалайтыны-қаламайтыны жайлы да пікірі сұралды.

"Жалпы, зайырлылық деген керемет нәрсе ғой. Алайда мұны көбіне дінсіздік ретінде түсінгісі келеді. Зайырлылық деген тура осы замандағы қажеттіліктерден туындаған қағидаттардың жиынтығы. Шариғат деген - ол біздің дінімізде, өмірімізде, азан шақырып, ат қойған кезден, қайтыс болып, қабірге кетіп бара жатқан жаназа намазына дейін қамтып тұр ғой онсыз да. Ал енді оны Ата Заң ретінде алып шығу, қазіргі уақытта қисыны жоқ нәрсе. Шариғат дегенді мен басқаша түсінемін. Оны Ауғанстандағыдай алдыға шығару дәл қазіргі кезде пайда әкелетін нәрсе емес", - деді ол.

Сонымен қатар Мұхамеджан Тазабек ағасы Қайрат Сатыбалды жайлы да пікір білдірді. Айтуынша, оның қазіргі жағдайы жақсы.

"Өткенде анасы қайтыс болған кезде көңіл айтып, кіріп шықтық. Жалпы жағдайынан хабардар болдым. Аллаға шүкір, жағдайы тамаша. Иманды адам ғой. Енді ер адамның басына нелер келіп, не кетпейді. Сол өзінің шаурасын атқарып, отынның басында жүр", - деді ол.

Журналист Қайрат Сатыбалдының ұсталғанынан кейін Тазабек оның фотоларын Instagram парақшасынан алып тастағанын айтып, себебін сұрады. Ақын бұл шешімнің саяси қысымнан емес, этикалық себептен туындағанын айтты.

"Суреттің біреуі өшті. Ал қалғаны тұр. Өйткені қолайсыз суреттері болды. Оны бірден алып тастадым. Жоғарыдан ешқандай хабар келген жоқ", - деді ол.

Тазабек Қаңтар оқиғасы кезінде үнсіз қалды деген сындарға да жауап берді.

"Жалпы қоғамда дүрбелең болды. Адамдарда бір үлкен психологиялық толқулар болды ғой. Сондықтан ол жерде әділ ахихи пікір болды деп ойламаймын. Әркім туралы әр нәрсе айтылып жатты. Бірақ мен үнсіз қалмадым. Өзіміздің "Асыл арнада" оқиғадан 20 күн өткен соң "Сіз қаңтарда қайда болдыңыз? деген сұқбат жасадық. Сол жерде толық жауап бердім. Ютубта тұр. Қаңтар оқиғасында Алматыда үйімде болдым. Кейін 3-4 күннен кейін Түркияға сапарым болып, сол жаққа кеттім. Мен онда Бішкек арқылы ұштым. Өйткені Алматыда аэропорт жабық болды", - деді ол.

 

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар