Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Сұмдық жағдай: Ұшақ ұшты күйлі жоғалып, 81 адам қаза тапты (ФОТО)

09:31, 13 шілде 2026

Құпияға толы “Itavia 870” рейсіне қатысты тың мәліметтер шықты, деп хабарлайды ALASH.KZ.

Бұл туралы Мой город басылымы жазған болатын. 

1980 жылғы 27 маусымда Италияның Болонья қаласынан Палермоға бағыт алған Itavia әуе компаниясының Douglas DC-9 жолаушылар ұшағы діттеген жеріне жете алмады. Апаттан борттағы 81 адамның барлығы қаза тапты. Араға 45 жыл өтсе де, бұл қайғылы оқиғаның нақты себебі әлі күнге дейін ресми түрде анықталған жоқ.

Ұшақ техникалық себептерге байланысты екі сағатқа жуық кешігіп ұшқан. Бортта 77 жолаушы мен төрт экипаж мүшесі болған.

Әуе кемесі қалыпты жағдайда ұшып келе жатқан. Ауа райы да қолайлы еді. Алайда қонуға шамамен 15 минут қалғанда экипаж диспетчерлермен байланысқа шығуды тоқтатқан.

Көп ұзамай ұшақтың сынықтары Италия жағалауындағы Тиррен теңізінен, Устика аралы маңынан табылды. Тірі қалған адам болмады.

Алғашқы болжам – жарылыс

Алғашқы тергеу ұшақтың апатына «анықталмаған жарылғыш құрылғының жарылысы» себеп болған деген қорытынды шығарды.

Ол кезеңде Италияда лаңкестік әрекеттер жиілеп тұрғандықтан, бұл нұсқа шындыққа жақын көрінді. Бірақ ешбір экстремистік ұйым апатқа қатысы барын мойындаған жоқ.

Сарапшылар ұшақ іштен де, сырттан да жарылыстың әсерінен қирауы мүмкін екенін айтты. Осыдан кейін ұшақ зымыранмен атып түсірілген болуы мүмкін деген болжам тарай бастады.

Ливиялық МиГ құпиясы

Апаттан үш апта өткен соң Италия тауларынан Ливия әскери-әуе күштеріне тиесілі МиГ-23 жойғыш ұшағының қалдықтары табылды.

Сарапшылардың пікірінше, ұшқыш қаза тапқаннан кейін ұшақ біраз уақыт автопилот режимінде ұшқан.

Осы оқиғадан кейін баспасөзде Батыс елдерінің құпия әскери операциясы кезінде азаматтық ұшақ кездейсоқ соғыс аймағына тап болған болуы мүмкін деген жорамалдар айтыла бастады.

Қайта жүргізілген тергеулер

Қаза тапқандардың туыстарының талап етуімен жеті жылдан кейін іс қайта қаралды. Сол кезде ұшақтың дыбыстық тіркеу құрылғысы табылды.

Экипаж командирінің соңғы сөзі ерекше назар аудартты. Ол екінші ұшқышқа: «Қара!» деп айтқан.

Бір топ сарапшы мұны жақындап келе жатқан зымыранды көрген сәт деп есептесе, енді бірі ұшқыш аспаптардағы көрсеткіштерді меңзеген болуы мүмкін дейді.

Екінші тергеу зымыран соққысы туралы нұсқаға бейім болғанымен, 1991 жылы дәлелдердің жеткіліксіздігіне байланысты іс тоқтатылды.

Кейін үшінші тергеу жүргізілгенімен, оның қорытындысы ресми түрде жарияланған жоқ.

Француз жойғышы туралы болжам

Жылдар өте Италияның жоғары лауазымды саясаткерлері апатқа қатысты өз болжамдарын ашық айта бастады.

2008 жылы елдің бұрынғы президенті Франческо Коссига жолаушылар ұшағын француз әскери жойғышы атып түсірген болуы мүмкін деген мәлімдеме жасады. 2023 жылы осыған ұқсас пікірді Италияның бұрынғы премьер-министрі Джулиано Амато да айтты.

Бұл нұсқаға сәйкес, Франция әскери-әуе күштерінің негізгі нысанасы Ливия басшысы Муаммар Каддафи болған. Алайда алдағы шабуыл туралы ақпарат алған Каддафи сапарын тоқтатып, оның орнына әскери ұшақтарды жіберген деген болжам бар.

Кейбір деректер бойынша, француз ұшқыштары азаматтық Douglas DC-9 ұшағын қателесіп Каддафидің ұшағы деп қабылдап, оған зымыран ұшырған болуы мүмкін.

Әлі ашылмаған құпия

Италияда бұл қайғылы оқиға «Устика үстіндегі қырғын» деген атаумен белгілі.

Көптеген тергеу жүргізіліп, түрлі болжам айтылғанымен, бүгінге дейін ешбір мемлекет 81 адамның қазасына ресми түрде жауапкершілік алған жоқ.

2013 жылы Италия соты қаза тапқандардың туыстарына 100 миллион еуро көлемінде өтемақы төлеу туралы шешім шығарды.

Алайда арада 45 жыл өтсе де, Еуропадағы ең жұмбақ әуе апаттарының бірінің нақты себебі әлі күнге дейін ресми түрде дәлелденген жоқ.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар