Қазақстандық Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Италияның Милан қаласында өтіп жатқан Қысқы Олимпиада ойындарында чемпион атанды, деп хабарлайды Alash.kz.
Отандасымыз Михаил Шайдоровтың жарқын жүлдесі – Ақ Олимпиадада 32 жыл аңсаған «алтын». Бұған дейін ел қоржынына алтын медальді Қазақстан алғаш Олимпиадаға қатысқан жылы Владимир Смирнов (1994 жылы) салған еді.
Еркін бағдарлама үшін қазақстандық спортшы 198,64 ұпай еншіледі. Нәтижесінде жалпы саны 291,58 балды қанжығасына байлап, Милан төрінде әнұранды асқақтатты. Шайдоров ақтық сында өз өнерін Димаш Құдайбергеннің композициясы сүйемелімен алып шықты.
Ерлер арасындағы жекелей сырғанаудан күміс жүлдені жапониялық Юма Кагияма (280,06 ұпай), ал қола медальді тағы бір жапониялық спортшы Шун Сато (274,90 ұпай) иеленді.
«Қазақстан тарихындағы қысқы Олимпиада ойындарында екінші алтын медаль!
Еліміз үшін мәнерлеп сырғанаудан алғашқы алтын жүлде!
Миша, Қазақстан халқы сенімен мақтанады!
Бұны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, керемет жетістік!» – деп жазды Қазақстан Ұлттық Олимпиада Комитетінің Баспасөз қызметі.