Маңғыстауда әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан аға лейтенант Олжас Мұхтарұлының досы желідегі парақшасында марқұмға арнап жантебірентерлік жазба жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.
Олжастың бала күнгі досы оның өмір жолына тоқталып, марқұммен бірге өткізген сәттерін еске алған. Досының айтуынша, Олжас сегіз жыл білім алып, оқуын қызыл дипломмен тәмамдаған. Кейін аға лейтенант шенін алып, әскери қызметтегі жолын бастаған. Досы марқұмның елге қызмет етуді мақсат еткен, қайсар әрі намысшыл азамат болғанын атап өтті.
«Темірдей мінезді, ақжарқын, қайсар, намысшыл досым, жаным, бауырым. Асқақтаған арманың мен мақсаттарың көп еді. Судан қорқатыныңды біле тұра, неге намысқа беріліп секірдің, досым? Сенің енді арамызда жоқ екеніңе әлі де сенгім келмейді. Неге ерте кеттің, бауырым?
Айтылмай қалған сөздеріміз, жолыққанда бірге жасаймыз деген жоспарларымыз қалды. Сен мен үшін жай ғана дос емес едің. Бірге қиыншылық көрген, бір нанды бөлісіп жеген, талай сыр шертіп сөйлескен кездерімнің бір бөлшегісің. Сенің орның мен үшін әрдайым бөлек, бауырым.
8 жыл оқып, қызыл дипломға бітіріп, бірден аға лейтенант шеніңді алып, армандарыңа нық қадам басып келе жатыр едің, досым. Неге сені өмірден ерте айырды?
Сенің елге деген жанашырлығың, ұлтыңды арыңнан биік қоятының барлығына үлгі еді. Еліңе адал қызмет еттің, өз міндетіңді абыроймен атқардың, досым. Сен менің мәңгі жүрегімдесің», – деп жазды марқұмның досы.
Досы марқұмның жақсы адам, адал дос және үлгі тұтар офицер болғанын айтып, оның есімі мен жарқын бейнесі жадында мәңгі сақталатынын жеткізді.
«Жатқан жерің жайлы болсын, бауырым. Еліңе еткен қызметіңді, адамға жасаған жақсылығыңды Алла қабыл етсін.
Сен мен үшін әрқашан бауыр, нағыз дос, үлгі тұтар офицер, жақсы адам болып қаласың.
Қош бол, бауырым…
Сенің есіміңді ешқашан ұмытпаймын…
Сені әрдайым сағынамын…Жаның жәннатта болсын», – деп түйіндеді ол.