Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жұмыссыз емеспін»: Бұрынғы Мәжіліс депутаттары қазір немен айналысып жүр

18:00, 29 қыркүйек 2026

Мәжіліс жұмысын аяқтаған соң бірқатар депутат жаңа Құрылтай құрамына енген жоқ. Кеше ғана Парламент мінберінде қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп жүрген экс-депутаттар бүгінде немен айналысып жүр? Tizgin.kz бұрынғы депутаттардың өздерінен сұрап білді, деп хабарлайды Alash.kz.

Бірі – ғылымда, бірі – білім мен медиада

Бұрынғы Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов бүгінде жоғары білім саласында еңбек етіп жүр. Ол Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетін басқарады.

«Мен Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің президенті қызметіндемін. Осы университеттің құрылтайшысымын», – деді Ерболат Саурықов Tizgin.kz тілшісіне.

Ал Абзал Құспан негізгі назарын ғылым мен заңгерлік қызметке аударған. Оның айтуынша, 2024 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қылмыстық құқық кафедрасының докторантурасына түсіп, қазір оқуын аяқтауға жақындаған.

«Оқуым аяқталуға жақын, енді жобамды, докторлық диссертациямды қорғауым керек. Сондықтан ғылыми жұмыстарға көбірек көңіл бөліп жүрмін. Бірнеше ғылыми мақала дайындадым: олардың бірі Scopus базасына жолданды, сондай-ақ отандық ЖОО-лардың ғылыми журналдарына мақалалар жіберіп жатырмын», – деді ол.

Абзал Құспан қоғамдық басылымдарға да мақала жазып жүргенін айтты. Сөзінше, «Егемен Қазақстанда» заң мен тәртіп тақырыбындағы, ал «Казахстанская правда» газетінде қылмыстық саясат мәселесіне арналған көлемді мақалалары жарық көрген.

«Сонымен қатар 20 жылға жуық тәжірибесі бар заң компаниямыздың жұмысын қайта жандандыру бағытында ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп жатырмын. Осы мақсатта білікті заңгерлерді командаға тартудамыз. Ал мемлекеттік органдардан немесе Үкімет тарапынан тиісті ұсыныстар түссе, әрине, оларды қарастырамыз. Әзірге ондай ұсыныстар түскен жоқ. Қысқаша айтқанда, қазіргі кезеңде негізгі назарым ғылыми жұмыс пен заңгерлік қызметті дамытуға бағытталып отыр», – деді Абзал Құспан.

Ермұрат Бапи болса, өзі ұзақ жыл еңбек еткен журналистикаға қайта ден қойған. Қазір ол «Дат» газетінің жұмысымен айналысып жүр. Жақында Халық кеңесіне мүше болды.

«Мен өзім „Дат“ газетінің шаруасымен жүрмін. Газетті ары қарай дамытып, электронды нұсқасын күшейту керек. Сайтын, YouTube арнасын, Telegram арнасын – бәрін заман сұранысына сай дайындап жүрміз», – деді ол.

Бапи екі жылдан кейін басылымның 30 жылдығы келетінін айтып, осыған орай газет тарихындағы таңдаулы мақалалар мен жарияланымдарды жинақтап, бірнеше кітап шығару жоспары барын жеткізді.

«Сондықтан мен жұмыссыз емеспін. Мен негізі мемлекеттік қызмет сұрайтын адам емеспін, себебі зейнет жасындағы адаммын. Мені енді Халық кеңесіне шақырып, құрамына кіргізіп жатқаны үшін көп рақмет деймін. Ол да бір үлкен мемлекеттік орган ғой. Сондықтан оның функционалдық қызметтері анықталған соң үлкен жұмыстар болады деген ойдамын», – деді Ермұрат Бапи.

Бұрынғы депутат Дәулет Мұқаев та мемлекеттік қызметке оралмаған. Ол білім саласында жұмысын жалғастырып жүр.

«Қазір сол білім бағыты. Университетте сабақ беремін. Әрі ҰБТ-ға дайындайтын «Алғыр» білім беру орталығында жетекшілік етудемін. Мемлекеттік қызметке қайта бармадым», – деді ол.

Ал Ринат Зайыт мәдениет саласындағы жұмыстармен айналысып жүргенін айтты.

«Астанадамын. Мәдениет саласындағы жұмыстардың маңайындамын. Қызмет бойынша ұсыныс болды. Кеңес пен Құрылтайға шақырылмағаным заңды», – деді Ринат Зайыт.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар