Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қазақстанның негізгі көлік-логистика торабы ретінде әлеуеті зор»: Тоқаев Rhenus Group басқарма төрағасымен кездесті

15:45, 29 қыркүйек 2026

Мемлекет басшысы Rhenus Group басқарма төрағасын қабылдады, деп хабарлайды Alash.kz.

Ақорданың хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тобиас Бартц көлік-логистика салаларындағы стратегиялық серіктестікті дамыту перспективасын, сондай-ақ бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жайын талқылады.

Мемлекет басшысы компанияның Қазақстандағы көлік байланысын нығайтуға ұзақ жылдан бері үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар еліміз құрлықтың негізгі логистикалық хабына айналуды мақсат етіп отырғанын айтты. 

Кездесуде Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға баса назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи үлгідегі порттары, терминалдары, теміржолдары мен цифрлық сервистері бар бәсекеге қабілетті логистикалық бағытты бірлесе қалыптастыруға шақырды. Сондай-ақ Rhenus Group компаниялар тобының Ақтау портындағы мультимодальды хаб құрылысына қатысуын құптады.

Тобиас Бартц Қазақстанның негізгі көлік-логистика торабы ретінде әлеуеті зор екеніне тоқталып, компанияның бірлескен жобаларға атсалысуға ниетті екенін жеткізді. 

Тараптар өзара тиімді ынтымақтастық бағыттарын кеңейтуге әзірлігін растады. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар