Маңғыстаудағы қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Ирина Тен өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында әскердегі реформалар мен қауіпсіздік мәселесін көтеріп, пікір білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Депутаттың айтуынша, армия жас жігіттің жігерін шыңдайтын, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыратын орта болуы тиіс. Алайда қазіргі жағдайда мемлекет сарбаздардың өмірі мен қауіпсіздігіне кепілдік беруі қажет.
«Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты, ең алдымен АНА ретінде де бұл мәселеге үнсіз қарай алмаймын. Мұны мойындау маған өте ауыр. «Өз баламды армияға жібергім келер ме еді?» Бұл сұраққа ана ретінде дәл қазір жауап берсем – жоқ дер едім. Шындық осы. Бірақ еліміздің азаматы ретінде ұлымның отбасын да, Отанын да қорғай алатын мықты әрі жауапты азамат болғанын қалаймын. Бiзге бір ғана оқиғаның себеп-салдарын емес, қазіргі Қазақстанға қандай армия қажет екенін талқылау керек. Ескі жараның беті ашылғандай. Қайғылы жағдайды үнсіздікпен бүркемелеуге болмайды. Жауапты органдар ашық болуы қажет», — деп жазды Ирина Тен.
Сондай-ақ депутат қайғылы жағдайға әкелген нақты әрекет немесе қылмыстық немқұрайлылық үшін кінәлілердің заң алдында жауап беруі тиіс екенін баса айтты. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр, ал қаза тапқандардың отбасыларына ұзақ мерзімді әлеуметтік, психологиялық және құқықтық қолдау көрсетілуде.
«Ендігі міндет – болған жағдайдан қорытынды шығару ғана емес, оның қайталануына мүмкіндік беретін жүйелік себептерді жою. Президент қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен кеңес өткізіп Әскери реформа жоспарын әзірлеуді тапсырды. Бізге сарбаздың өмірі бірінші орында тұратын армия керек. Ата-ана баласын қорқынышпен емес, сеніммен шығарып салатын, ал жастар әскери қызметтен шыңдалып, білім мен дағды алып қайтатын орта қажет. Сонда ғана мен ана ретінде «баламды армияға жіберуге дайынмын» деп сеніммен айтар едім», — деп толықтырды ол.
Ирина Тен өз жазбасында Маңғыстаудағы қайғылы оқиға кезінде он төрт азаматтың өмірі қиылғанына тоқталып, жүйелі өзгерістердің қажеттілігін атап өтті.
«Он төрт өмір қиылды. Он төрт отбасының тағдыры өзгерді. Бұл қазаны еске алудың ең дұрыс жолы – нақты өзгеріс жасау: әр сарбаздың өмірін қорғау және әр әскери бөлімде адамдық қадір-қасиетті сақтау. Бұл қаза бекер болмауы үшін одан сабақ алып, мұндай жағдайдың қайталануына жол бермейтін жүйе құруымыз керек. Солай боларына сенемін бе? Сенгім келеді. Сенемін», — деп қорытындылады депутат.