Жетісу облысындағы үйде орын алған өртте тірідей жанып кеткен бір отбасының 8, 6 және 1 жастағы үш баласы Талдықорған қаласының маңында жерленді, деп хабарлайды Alash.kz.
Жерлеу рәсімін өткізуге қайғылы жағдай орын алған Ескелді ауданының әкімдігі қол ұшын созды. Сондай-ақ жергілікті билік өкілдері қаралы отбасын сол ауылда уақытша баспанамен қамтамасыз ететіндерін мәлімдеді.
Қаралы отбасының бұл үйде жалданып тұрып жатқанына бір жыл болған. Төрт бала тәрбиелеп отырған ерлі-зайыптылардың тек отағасы ғана жұмыс істеген. Жергілікті әкімдіктің береген мәліметінше, олар Талдықорған қаласында үй кезегінде тұрған, ал Ескелді ауданында уақытша тұрақтаған.
Қайғылы оқиға болған күні таңертең үйдің 38 жастағы отағасы Талдықорғандағы жұмысына кеткен. Өрт таңғы сағат 7-ден өте тұтанған. Үйді қара түтін басқан сәтте 34 жастағы келіншек пен оның 14 жастағы тұңғыш баласы жанұшыра сыртқа қашып шығып, көршілерін оятып, көмек сұраған. Куәгерлердің бірі – Салтанат Мухиева сұмдық оқиғаның мән-жайын былайша сипаттап берді:
«Көрші жігіт шыдай алмай есіктен кіреді, ол кезде үйдің қабырғалары жанып жатқан. Кіре сала, бес жасар баланы терезеден сыртқа лақтырып жібереді. Үйдің төбесі жанғанда ана жігіт қорыққан, терезеден секіріп түскен. Үйдің іші, бәрі жанып жатыр, пластик терезе жанып жатыр, екі бала іште қалып қалды», — деді ол.
Көршісі түтінге оранған үйден 6 жастағы баланы алып шыққанымен, ол өкінішке қарай, түтінге тұншығып жан тапсырған. Қалған екі бала өрт ошағында қалып қойған.
Қазіргі уақытта Төтенше жағдайлар департаменті өрттің шығу себептерін анықтап жатыр, басқа ақпарат берілген жоқ. Ал полиция өкілдері аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.