Шымкенттің бұрынғы әкімі Өмірзақ Әметұлының 14 жасар қызы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жолдап, өзінің құқықтарын қорғауды сұрады, деп хабарлайды Alash.kz.
Жасөспірім әкесін ДНҚ-тест тапсыруға мәжбүрлеуді және көпжылдық отбасылық жанжалға құқықтық баға беруді талап етіп отыр. Бейнежазбаның басында Қасиет Әмет өзінің туу туралы куәлігін көрсетіп, тоғызыншы сынып оқушысы екенін айтты. Оның сөзінше, Өмірзақ Әметұлы — оның туған әкесі. Ол 2006 жылы Шымкент қаласының әкімі қызметін атқарған.
«Құрметті Қазақстан халқы! Құрметті Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы! Әділетті Қазақстанда балалардың құқығын қорғауыңызды сұраймын. Менің аты-жөнім — Қасиет Әмет, тоғызыншы сынып оқушысымын. Менің әкем — Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Өмірзақ Әметұлы», — деді бойжеткен өз үндеуінде.
Қасиеттің айтуынша, отбасылық жанжал созбалаңға салынып, жылдар бойы жалғасып келеді. Ол бала кезінен бері психологиялық қысымға тап болғанын, ал өзі мен әпкесін полициядағы, соттағы және тергеу органдарындағы тексерулерге бірнеше рет тартқанын ашық айтты.
«Мен туған әкем тарапынан қорлық көрдім. Бізді бірнеше рет полиция бөліміне, сот залына және тергеушінің кабинетіне апарды. Оның талабы — мені және I топтағы мүгедектігі бар әпкемді балалар үйіне жіберу болды», — деп мәлімдеді Қасиет Әмет.
Бойжеткен 2017 жылы анасы қыздарын алып, Алматыға көшіп кеткенін жеткізді. Оның айтуынша, осыдан кейін отбасы екі жыл бойы мемлекеттік қорғаудағы дағдарыс орталығын паналауға мәжбүр болған.
Бұл отбасының хикаясы бұған дейін де қоғамда ашық талқыланып, көпшілікке таралған еді. Қасиеттің сөзінше, анасы үлкен қызының денсаулығына және отбасылық ауыр жағдайларға байланысты бұған дейін де көмек сұрап, тиісті орындарға жүгінген болатын.