Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Әлем чемпионатынан сегіз марапатпен оралды: Астанада WorldSkills Shanghai 2026 жүлдегерлерін қарсы алды

17:24, 29 қыркүйек 2026

Астанада WorldSkills Shanghai 2026 жүлдегерлері мен қатысушыларын салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды Alash.kz.

Қазақстан құрамасы WorldSkills Shanghai 2026 кәсіби шеберлік бойынша әлем чемпионатынан сегіз марапатпен оралды.
Әуежайда қатысушыларды туған-туыстары, достары, тәлімгерлері және Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері қарсы алды.

Жұмысшы мамандықтарын дамыту және білікті кадрлар даярлау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ерекше назарында. Президенттің бастамасымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды. Студенттердің жетістіктері кәсіби білім беруді мемлекет тарапынан жүйелі қолдаудың маңызын көрсетеді.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Руслан Нестеренко әлем чемпионатының бағдарламасына алғаш рет енгізілген «Ұшқышсыз авиациялық жүйелер» құзыреттілігі бойынша қола медаль иеленді.

Кәсіби шеберлігі үшін медальдарды Ағыбай Мұхаметжан («Веб-технологиялар»), Нодирбек Рустамханов («Сантехника және жылыту»), Вадим Витковский («Дәнекерлеу технологиялары»), Дарья Мельник («Өнеркәсіптік дизайн»), Бағыжан Қойшыбаев («Графикалық дизайн»), сондай-ақ Рамазан Нұрлан мен Денис Панин («Мехатроника») иеленді. Камила Алиева «Цифрлық интерактивті медиа дизайны» құзыреттілігі бойынша «Best of Nation» марапатына ие болды.

Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері қатысушыларға министр Жұлдыз Сүлейменованың атынан алғыс хаттар табыстап, табысты өнер көрсетуімен құттықтауын жеткізді.

«48-ші әлем чемпионатында Қазақстан атынан 31 құзыреттілік бойынша 33 колледж студенті қатысты. Құрама мүшелері мен олардың тәлімгерлерін құттықтаймыз!», – делінген министрлік құттықтауында.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар