Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Құлдықта болып, жүйелі түрде зорлық-зомбылық көрген»: 51 жастағы әйелдің қазасы туралы сұмдық ақпарат шықты

14:48, 29 қыркүйек 2026

Батыс Қазақстан облысында 51 жастағы марқұм Галина Елисееваның туыстары оның өлімін тергеуге көмектесуін өтініп, журналистерге жүгінді, деп хабарлайды Alash.kz.

Марқұмның жақындарының айтуынша, ол жылдар бойы фазендада құлдықта болып, жүйелі түрде зорлық-зомбылық көрген және өте күмәнді жағдайда көз жұмған. Бәрі бірнеше жыл бұрын, Галинаның үйі өртеніп кеткен кезде басталған. Баспанасыз қалған әйел Бейімдеу орталығына түсіп, оны БҚО Тасқала ауданындағы шопан нүктелерінің біріне жұмысқа алып кеткен.

Марқұмның ағасы Александрдың айтуынша, қарындасымен байланыс 2019 жылы үзілген. Белгілі бір уақыттан кейін ғана туыстары оның фермада жұмыс істеп жатқанын білген. Ағасы Галинаны ол жерден құтқарып алғанда, отбасы мүшелері жүдеп-жадаған және таяқ жеген әйелді көріп шошыған.

«Оның айтуынша, жағдай адам төзгісіз болған. Қожайыны телефондарын тартып алып, кішкене қателігі үшін ұрып-соғатын. Оның ернінде тыртық қалған — жұмыс беруші қаздардың жүнін жұлып үлгермей жатырсың деп, шашынан ұстап, қабырғаға соққан», — деп еске алады Александр.

Сонымен қатар жұмыс беруші оны ресми түрде жұмысқа орналастырдым деп сендіргенімен, әйелде құжаттар да, медициналық сақтандыру да болмағаны анықталды. Кейін туыстары оған жеке куәлігін қалпына келтіруге көмектескен.

Айтарлықтай оңалту кезеңінен кейін Галинамен байланыс қайтадан үзілген. Туыстары оны 17 жыл бірге тұрған азаматтық күйеуінің соққысынан тығылып жүрген деп болжайды. Көп ұзамай әйелдің ауыр бас жарақатымен Оралдағы облыстық ауруханаға түскені белгілі болған — ресми нұсқа бойынша, жол-көлік оқиғасы салдарынан. Оған миының бір бөлігін алып тастау бойынша операция жасалған.

Одан кейін күмәнді жағдайлар орын алды: операциядан кейін екі күн өткен соң, сал болып қалған әйелді Оралдан Тасқаладағы аудандық ауруханаға ауыстырған. Туыстарының айтуынша, оны тасымалдаумен дәл сол бұрынғы жұмыс берушісі айналысқан. 20 қыркүйекте Галина Елисеева аудандық ауруханада көз жұмды.

Марқұмның жақындары ЖКО туралы нұсқаға күмәнмен қарайды. Александрдың айтуынша, сот-медициналық сарапшы жеке әңгімелесу кезінде денеде апатқа тән емес көптеген жарақаттардың бар екенін айтқан.

Бұдан бөлек, отбасы өздеріне қысым жасалғанын мәлімдеді. Тасқала полициясы туыстарына қылмыстық істің Оралға берілгенін хабарлап, бірақ күштеп ұстау және құлдық туралы ресми арыз жазбауға кеңес берген. Бұрынғы жұмыс беруші тергеуді талап ететін болса, отбасын ашық түрде қорқытып, қоқан-лоқы көрсеткен. Ал әйелді Тасқалада жерлеу рәсімін толығымен сонау фазенда иесі ұйымдастырып, шығынын өзі төлеген.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар