Астанада бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапқан әйелдің өліміне қатысты іс бойынша бұрынғы төрт полиция қызметкері ұсталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиға 23 қыркүйекте тұрғын үй маңындағы автотұрақта орын алған. Бұрынғы ерлі-зайыптылар арасында шыққан жанжал кезінде 1993 жылы туған Талант Камиден әйелге 16 жерден пышақ сұққан. Жәбірленуші алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Күдікті бірден ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.
Қайғылы жағдайға дейін марқұм әйел бұрынғы күйеуінің үстінен соққыға жығу, зорлау және өміріне қауіп төндіру фактілері бойынша полицияға бірнеше рет арызданған. Осыған дейін ер адамға қатысты қорғау нұсқамалары шығарылып, қылмыстық істер де тергелген. Сонымен қатар марқұм 7 және 9 қыркүйек күндері де күдіктінің пышақпен қорқытқанын хабарлаған.
Осы оқиғадан соң ҚР ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті марқұмның арыз-шағымдарымен айналысқан полиция қызметкерлерінің әрекетіне байланысты тексеру жүргізді. Күдікті Талант Камиденнің өзі де бұрын полицияда жұмыс істеген. Ол ішкі істер органдарында 2014 жылдан 2026 жылғы 29 шілдеге дейін қызмет етіп, өз еркімен жұмыстан босатылған.
Тексеру нәтижесінде 29 қыркүйекте Астанада теріс себептермен жұмыстан шығарылған төрт полиция қызметкері ұсталды. Олар: «Сарыарқа» ауданының тергеушісі мен учаскелік инспекторы, сондай-ақ «Нұра» ауданының екі учаскелік инспекторы. Олардың барлығы ҚР ҚК-нің 371-бабы 2-бөлігі («Салғырттық») бойынша жүргізіліп жатқан сотқа дейінгі тергеу аясында уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Сондай-ақ орын алған жағдайдан кейін Астана қалалық Полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары лауазымынан босатылды.