ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) экстрадициялау туралы шешімді күтіп отырған шешен белсендісі Мансур Мовлаевтың тергеу изоляторында өзіне қол жұмсамақ болған әрекетінен кейін қызметтік тексеру бастады, деп хабарлайды Alash.kz.
ҚАЖК мәліметінше, Мовлаев өзіне дене жарақатын салмақ болған сәтте мекеме қызметкерлері шара қолданып, бұл әрекеттің дер кезінде алдын алған.
«Оған қажетті медициналық көмек көрсетілді. Алған жарақаттары жеңіл деп бағаланды. Ауруханаға жатқызу талап етілген жоқ, өмірі мен денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ», — деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Дегенмен, қыркүйек айының ішінде Мовлаевтың өзіне бірнеше рет зақым келтіруге тырысқаны белгілі болып отыр. Ол қалдырған қоштасу хатында өзін Қазақстан территориясында жерлеуді, сондай-ақ ресейлік белсенді Юлия Емельяноваға көмектесуді сұраған. Емельянова да дәл осы тергеу изоляторында отыр және Ресейге қайтарылуы мүмкін — бұған дейін Қазақстан билігі оған да босқын мәртебесін беруден бас тартқан болатын.

Шешен белсендісі Мансур Мовлаевқа Ресейдің құқық қорғау органдары іздеу жариялап, ол 2025 жылдың 13 мамырында Қазақстан аумағында ұсталды. Қазіргі уақытта Мовлаев экстрадицияны күтіп, қамауда отыр. Бұған дейін кассациялық инстанция оған Қазақстанда босқын мәртебесін беруден түпкілікті бас тартты. Ал халықаралық құқық қорғау ұйымдары оның тағдырына қатты алаңдаушылық білдіріп, Ресейге қайтарылып, Шешенстан билігіне берілген жағдайда оған азаптаулар мен саяси қудалау қаупі төнетінін айтып дабыл қағуда.