Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Субъективті пікірлерге жауап беруге еш негізіміз де жоқ - Саясат Нұрбек

10:30, 31 мамыр 2024 464

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының басшысы болған Арман Қашқынбековтың президентке жазған шағымына жауап берді, деп хабарлайды Alash.kz.

Министрдің жауабы

– 2023 жылы біз сыбайлас жемқорлық агенттігімен бірігіп, арнайы сараптама жүргіздік. Ғылым саласын қатысты. 46 адамнан құрылған арнайы бригада жарты жыл отырды. Оның ішінде ұлттық ғылыми-сараптамалық орталықтың да егжей-тегжейлі жұмысы тексерілді. Соның арқасында бізге 105 пункттен құралған арнайы жол картасы бекітілді. Соның ішінде Қашқынбеков мырза басқарған мекемеге де бірқатар сұрақ қойылды, – дейді Ulysmedia.kz Саясат Нұрбектің Сенат кулуарындағы сөзін.

Министрдің сөзінше, жол картасының негізінде ішкі аудит басқармасы қызметі, ғылым комитетінің қызметкерлері аталған мекемеге осы жылдың ақпан айында арнайы тексеру комиссиясын жіберген. Ішкі аудит қызметкерлері арнайы есеп берген.

– Сол есептің негізінде Қашқынбеков мырза өткен айдың басынан бастап қызметінен босатылды. Енді президентке немесе басқа мекемелерге жазылған ақпараттарды мұқият оқысаңыз, бірде-бір нақты факт келтірілмеген. Көбінесе, субъективті, өзінің жеке пікірлері жазылған. Субъективті пікірлерге жауап беруге еш негізіміз де жоқ. Нақты фактілер тіркелген жағдайда тексеру комиссиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігімен бірлесе жасаған сараптама қорытындысын беруге дайынбыз, – дейді Саясат Нұрбек.

Орталыққа байланысты неге әңгіме көп?

– Комиссияның хаттамасында бірқатар қызметтік құзіретіне, іссапарларына байланысты жазылған. Ең бастысы, орталық аясында осындай неге көп әңгіме жүреді? Ғылыми қаржыландыру жобасы бірінші сатыда сол орталықтың сараптамасынан өтеді. Грант жобасы бірінші сатыда сол орталықтың сараптамасынан өтеді. Бұл сараптамалық орталық ғылыми жобаларға қаражаттың берілетінін немесе берілмейтінін айқындайды. Сондықтан, қызығушылық та, қауіп-қатер де өте көп. Тазалық, мөлдірлік – президенттің тапсырмасы. Министрліктің құрылған себебі де сол, – дейді ол.

Министр өз отставкасы жайлы не ойлайды?

Осылай шағынған адамдар Саясат Нұрбектің отставкасын да талап етуі мүмкін. Оған Нұрбек былай жауап береді.

– Бұл шешімді тек үкімет қабылдайды, президентіміз қабылдайды. Біз министрліктің құзыреті аясында қызметімізді жалғастырамыз, – деді министр.

Қашқынбековтың президентке хаты

Еске сала кетейік, бұған дейін президент жанындағы Ұлттық Құрылтай мүшесі және "ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы" АҚ Басқарма төрағасы Арман Қашқынбеков Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құзыретіне күмән келтірген еді. Ол мемлекет басшысына хат жазған.

“Менің сізге жүгінуіме еліміздің ғылымды басқару саласындағы қалыптасқан ахуал себеп болды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің (бұдан әрі - ҚР ҰӘҚ), министр С. Н. Нұрбектің, сондай - ақ вице-министр Д. Ж. Ахмед-Закидің, Ғылым комитетінің төрағасы Г. Жанқуатовтың сауатсыз және кәсіби емес жұмысы бар, ол ғалымдарды гранттық қаржыландыру бойынша тұрақты іркілістерге, мемлекеттік ғылыми-зерттеу жұмыстарының мерзімдері бойынша кідірістерге әкеледі. Ғылыми қоғамдастықтың ұсыныстары мен сын – ескертпелерін елемеу, "келіспейтіндерге" психологиялық шабуылдар жасау, нақты даму саясатының болмауы,” - делінген үндеу мәтінінде. 

Қашқынбековтің сөзінше, қаржыландыру көлемі едәуір ұлғайғанына қарамастан (2022 жылы-56 млрд. теңге., 2023-156 млрд. тг) экономиканың нақты секторындағы ғылыми жобалар іске аспайды, "көбіне есеп беру үшін қағаз жүзінде ғана қалады". 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар