Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Солтүстік Кореяға дрон жібергені үшін»: Оңтүстік Кореяның экс-президентіне тағы бір сот үкімі шықты

14:58, 12 маусым 2026

Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёль Солтүстік Корея аумағына дрон жібергені үшін айыпты деп танылып, тағы 30 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Alash.kz.

Сеул орталық округтік соты экс-президентке қатысты кезекті үкімді шығарды. Тергеу қорытындысы бойынша, ол 2024 жылдың қазан айында Пхеньян аспанына әскери пилотсыз ұшу аппараттарын жіберуге пәрмен берген. Прокуратура бұл әрекетті ел ішінде әскери жағдай жариялауға қолдан жасалған сылтау ретінде бағалады. Дегенмен, айыпталушы тағылған кінәні мүлде мойындамай отыр.

Бұл Юн Сок Ёльге қатысты шыққан алғашқы үкім емес, бұған дейін ол басқа бір қылмыстық іс бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылған болатын. Айта кетейік, оның 2024 жылдың желтоқсанында елде төтенше әскери тәртіп орнатпақ болған қадамына парламент тосқауыл қойып, бұл оқиға мемлекетте үлкен саяси дағдарысқа әкеп соқтырған еді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар