Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін арттырып, әскери бөлімшелерді кез келген жағдайға дайын ұстау қажеттігін мәлімдеді. Ол армияны жаңғыртуда роталардың рөлін күшейтуге және олардың соғысқа әзірлігін қамтамасыз етуге басымдық беріп отыр. Бұл туралы КХДР Орталық телеграф агенттігі (KCNA) хабарлады, деп жазады Alash.kz
Пхеньянда Корея халық армиясы рота командирлерінің кезекті жиыны өтті. Жиын барысында әскерді ұйымдастыру, бөлімшелердің жауынгерлік дайындығын жетілдіру және армияның жалпы әлеуетін күшейту мәселелері талқыланды.
Ким Чен Ынның айтуынша, армияны реформалау ісінде рота негізгі буындардың бірі саналады. Сондықтан осы деңгейдегі бөлімшелерді нығайту бүкіл қарулы күштердің құрылымы мен жауынгерлік мүмкіндіктерін қысқа мерзімде жаңартуға жол ашады.
«Біз жүргізіп жатқан армия реформасында рота ең маңызды орынға ие. Ротаға басымдық беру және оны нығайту арқылы қуатты армия құру бағыты – қысқа мерзімде бүкіл армияның келбетін жаңартудың ең тиімді жолы», – деді Солтүстік Корея басшысы.
KCNA таратқан мәліметке қарағанда, Ким Чен Ын рота командирлеріне бөлімшелердің жауынгерлік дайындығын толық пысықтауды және әскери жаттығулардың қарқынын күшейтуді тапсырған. Ол әрбір ротаның дербес әрекет ету қабілетін арттырып, сарбаздарды соғыс жағдайына жан-жақты дайындау қажет екенін атап өтті.
Cолтүстік Корея басшысының бұл мәлімдемесі Корей түбегіндегі әскери-саяси ахуал күрделі болып тұрған кезеңде жасалды. Пхеньян қарулы күштерін жаңғыртуға, дәстүрлі әскери әлеуетін күшейтуге және ядролық қару мен зымыран бағдарламаларын дамытуға басымдық беріп келеді.
Корей түбегіндегі шиеленіс күшейіп келеді
21 қыркүйекте екі Кореяны бөліп тұрған демилитаризацияланған аймақта мина жарылып, Оңтүстік Кореяның үш әскери қызметкері жарақат алды. Оқиға шекара маңында патрульдік бағытты тазарту жұмыстары кезінде болған.
Кейін Оңтүстік Кореяның әскери басшылығы БҰҰ қолбасшылығымен бірлескен тергеу нәтижесінде жарылысқа Солтүстік Корея орнатқан жаяу әскерге қарсы миналар себеп болған деген қорытындыға келді. Сеул Пхеньянды жауапкершілікке тарту қажеттігін мәлімдеді.
Осы оқиғалар екі ел арасындағы сенімсіздікті одан әрі тереңдетті. Сарапшылар үшін шекарадағы қауіпсіздік мәселесі мен Пхеньянның әскери дайындығын күшейтуге бағытталған мәлімдемелері Корей түбегіндегі ахуалды жіті бақылаудың маңызын арттырып отыр.