Әлеуметтік желіһде Шымкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасында түсірілген видео тарады. Онда науқастар, соның ішінде әйелдер мен балалар дәліздің еденінде жатқаны көрінеді, деп Alash.kz ұлттық порталы Otyrar телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Автордың айтуынша, ауруханада орын жетпегендіктен, көптеген науқас дәлізде жатуға мәжбүр болған.
Ал қала әкімдігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, қиындықтар ауруханада жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты екенін мәлімдеді.
"Аурухананың он бөлімшесінің сегізі тәулік бойы жұмыс істейді және аса қауіпті инфекцияларға шалдыққан науқастарды қабылдайды. Палаталар 2-4 төсекке арналған, жеке санитарлық тораптармен және желдету жүйесімен жабдықталған. Пациенттерді дәлізде уақытша орналастыру – көп науқас түскен кезде рұқсат етілетін тәжірибе және санитарлық нормаларды бұзу болып саналмайды. Бұл шешім Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарына сәйкес қабылданған. Тексеру нәтижесінде санитарлық талаптар мен дәрігерлік этика нормаларының бұзылуы анықталған жоқ", – деп хабарлады әкімдік.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, науқастардың жағдайы үнемі бақылауда, ал сауығып келе жатқан пациенттер амбулаториялық емге ауыстырылуда.
"Аурухана әкімшілігі эпидемиологиялық жағдайдың бақылауда екенін және медицина қызметкерлерінің барлық әрекеті бекітілген стандарттарға сай екенін мәлімдеді", – деп қосты Otyrar телеарнасы.