17 желтоқсан күні таңғы уақытта Air Astana әуе компаниясының Алматыдан Астанаға бет алған KC-851 рейсінде төтенше жағдай орын алды, деп хабарлайды Alash.kz.
Ұшу барысында Airbus A321neo ұшағының салонында түтін байқалып, экипаж апаттық MAYDAY дабылын жариялауға мәжбүр болды.
«Қазаэронавигацияның» хабарлауынша, ұшақ жерге сағат 07:40-та сәтті қонған. Қауіпсіздік шаралары аясында Алматы әуежайына өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметтері дереу жұмылдырылды.
Алдын ала мәлімет бойынша, жолаушылар мен экипаж мүшелері зардап шеккен жоқ. Қазіргі таңда оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу жөніндегі уәкілетті органның мамандары анықтап жатыр.
Мамандар тексеру қорытындысы бойынша қосымша ақпарат берілетінін мәлімдеді.