Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Шетелдегі қазақ балалары үшін»: Димаш Құдайбергеннің Мадридтегі концерті қарсаңында ауқымды іс-шара өтті

16:23, 02 қараша 2026

Испания астанасы Мадридте өнер иесі Димаш Құдайбергеннің DIMENSIONS әлемдік туры қарсаңында ұйымдастырылған жанкүйерлер кешінде (pre-party) «Қазақстан – менің көзіммен» атты шетелдегі қазақ балалары үшін халықаралық шығармашылық байқауының арнайы көрмесі өтті, деп хабарлайды Alash.kz.

«Отандастар қоры» КеАҚ мен Мадридтегі қазақ мәдени орталығының бірлесе ұйымдастыруымен өткен бұл шараға 500-ге жуық адам қатысты. Сондай-ақ салтанатты жиынға Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Данат Мұсаев, Елшілік қызметкерлері, Еуропаның 20-ға жуық елінен келген қазақ диаспорасының өкілдері, Испаниядағы отандастар мен әншінің әлемнің әр түкпірінен келген жанкүйерлері жиналды.

Халықаралық көрмеде Жапония, Нидерланд, БАӘ, Грузия, Катар, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан және Қырғызстан сияқты елдерде тұратын қазақ балаларының өз қолымен салған суреттері көрермен назарына ұсынылды. Балалар бұл жұмыстарында тарихи Отанының табиғатын, салт-дәстүрі мен бай мәдениетін бейнелеп, шетелдік қонақтарға Қазақстанды жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді. Мәдени іс-шараның негізгі мақсаты — ұлттық өнер мен тарихи-мәдени мұрамызды халықаралық деңгейде насихаттау, сондай-ақ шетелдегі қазақ мәдени орталықтарының өзара ынтымақтастығын арттыру. Сонымен қатар кеш барысында бейнепрезентация арқылы Қоғамның негізгі қызметі мен қазақ тілін үйрететін Абай институты порталы кеңінен таныстырылды.

Кештің мазмұнды бағдарламасы қазақ дәстүрі, испан өнері және Димаш шығармашылығының тоғысқан алаңына айналды. Шара шымылдығын жас домбырашылар Әлинұр мен Әлихан Амангелділер «Балбырауын» және «Ер-Тұран» күйлерімен ашты. Бағдарлама аясында Севильядағы El Boti фламенко мектебінің өнерпаздары «AQERKE» халық әніне фламенко стилінде би қойса, «Наз» мемлекеттік би театрының әртістері «Шашу», «Қалыңдық биі», «Аққу», «Шернияз» және «Самғау» билерін паш етті. Бұдан бөлек, дизайнер Тәрбие Айдымбаева TARBIYA брендінің ұлттық киім үлгілерін көрсетті.

Балаларға арналған бөлімде «Түркі тілдес мұғалімдері» ассоциациясының өкілі ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының «Тәтті ертегі» жобасы аясында жарық көрген «Шахматшы Қонжық» ертегі кітабын және Tildes KZ сөйлесу клубын таныстырды.

Музыкалық бөлімде Jonhy Calleja, Жанель Әли, Viryam Amor Ondas және Rachel Rustria сияқты орындаушылар Димаштың репертуарындағы «Unforgettable Day», «Tau Ishinde», «Ave Maria», «SOS» туындыларын шырқады. Ал жанкүйерлер қауымы «Living for the Game» композициясына арнайы би қойылымын ұсынып, кеш соңында барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар