Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Шекаралы ауылдың ауруханасын жапқандар халықтың талабына құлақ ассын! - Ауыл тұрғыны

21:51, 29 қазан 2024 988

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға;

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанға;

Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиевқа; 

Алматы облысы Денсаулық     сақтау басқармасының басшысы Алмат Тұрысбекұлына; Райымбек ауданы әкімі Берік Дүйсенбаевқа; Облыстық мәслихат депутаты Нұрбол Әлиев пен аудандық мәслихат депутаты Берік Сыдықбаевтардың назарына!

АШЫҚ ХАТ

Алматы облысы, Райымбек ауданы, Сүмбе ауылдық ауруханасының стационарының жабылуына байланысты ауыл тұрғындарының жанайқайына құлақ асатын адам болмай тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан “еститін үкімет”  қағидасы біздің ауданға қашан жетеді? 

Аудандық аурухананың басшылары бастапқыда стационарды “қаржы жетіспеушілігіне (қарыз болу себебінен) байланысты жабылатынын” мәлімдеген. “Ауданның қарызына бола қарапайым бұқара зардап шегуі керек пе?” деп халық наразы бола бастаған соң, аудандағылар “адам санының аз болуын” айтып (Сүмбе ауылдық округіне  аудандағы ең ірі екі елдімекен қарайды) сылтаурата бастады. 

Біз бұған дейін де денсаулық саласына жауапты аудандық және облыстық мекемелерге шағымымызды айтқанбыз. Бірақ, халықтың жанайқайын естіп, дұрыс жауап берер ешкім болмай тұр. Алғашқы өтінішімізге  «Ауруханаларыңыз жылдың аяғына дейін жұмыс істейді, қарастырып жатырмыз» деген хабар алдық. 

Кейін олардың әңгімелері өзгеріп, жауапкершіліктік бәрін Денсаулық министрлігіне аудара салды. 

Олардың жауабы мынадай: 

ҚР Денсаулық сақтау Министрлігінің 2020 жылғы 15 қазандағы ДСМ -133/2020 бұйрығына сәйкес, Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан 16.10.2023 жылы №159-Н бұйрығы шығарылады” делінген. 

Сонда министрдің Астанадан шығарған бұйрығы біздің ауданға жеткенше 3-4 жыл уақыт өте ме? 

Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мен аудандық аурухана басшысы министрдің бұйрығын 3-4 жыл өтпей орындамай ма? 

Аудандағылар біздің аурухананы 2024 жылдың тамыз айының бірінде жабылғанын айтады. Министрдің 2020 жылы шыққан арнайы бұйрығы болса, одан бері аурухана қалай жұмыс істеп келген? 

Аудандық аурухананың жұмысы шатқаяқтап, түсініксіз жағдайлар орын алып жатқанын осыдан-осыдан-ақ бағамдай беруге болатын сияқты. 

Егер расында министрліктің халықтың денсаулығына, өсіп-өнуіне, тіршілік етуіне кері әсерін тигізетін мұндай бұйрығы болса, оны халық болып қайта қарауды талап етеміз!

Сізге Сүмбе ауылындағы аурухананың жабылуы шекара бойындағы ауыл тұрғындарының “Әділетті Қазақстанның” болашағына деген сенімін сетінетіп жатқанын хабарлағымыз келеді. Мәселен, бір ғана мекеменің жұмысын тоқтатуы ауылдың жағдайына қаншалық кері әсер еткенін тізіп көрейік.

1. Аурухананың стационары жабылғанымен, күндізгі амбулатория үшін екі қабатты ғимаратты жылыту баяғыдай жүргізіліп жатыр. Үстіндегі қабат қаңырап бос тұрғаны болмаса, шығын бұрынғыдай, ешқандай өзгергіс жоқ.

2. Ауылдағы науқастардың бәрі Нарынқол ауруханасына жіберіліп жатыр. Ал, емделуге жатайын десе, ол жақта орын жоқ екенін айтып, кері қайтарады. Яғни, біз ауырсақ, барар жеріміз жоқ. Ауылдағы бар аурухана жабылған соң, аудандағы “жоқ” аурухана өлім аузында жатпасаң, басқа жағдайда бізге қарамайтынына көзіміз әбден жетті. 

3. Стационар жабылған соң, жұмыстан қысқарып қалмау үшін бізде қызмет еткен 14 маманның барлығы аудан орталығына жұмысқа орналасты. Олар бұрынғы алып жүрген жалақыларын алып отыр. Бұл жерде де үнемделген қаражатты көріп тұрған жоқпыз.

Сүмбе ауылындағы ауруханада қызмет еткен дәрігерлердің бәрі де ауданға қатынап істейтіндіктен жол қиындығы әлден бастап сезіле бастады. Түпкірдегі ауыл  болғандықтан такси  екі жаққа бірдей толық клиент болмаса, Нарынқолға бармайды. Дәрігерлер ертеңгісін жұмысқа жету үшін таксидің екі жаққа бірдей толық салонын  төлеуге (5600 теңге) мәжбүр. Қайтар жолда Қызылұшқа дейін келіп, жол тосады. Болмаса, Нарынқолдың таксилерінің екі жағының құнын төлеп, үйлеріне қайтады. 
Әр сәрсенбі тазалық күні болғандықтан 14 маманның барлығы тұтас Нарынқолға баруға міндетті. Ол күні бұл шығын тағы еселенері айтпаса да түсінікті. Біз қалалы жерде болса түкірігі жерге түспейтін мамандарды неге бұлай сабылтып қоюға тиіспіз?

5. Сүмбе мен Нарынқол арасындағы жолдың сапасы сын көтермейді. Бірер аптада күн суытқан соң, жол қауіпсіздігі мәселесі туады. Егер апатты жағдай бола қалса аудандық аурухана басшылығы бәрін өз жауапкершілігіне ала ма?

6. Ауданға қатынап жүрген мамандар арасында баласы ДЦП диагнозымен есепте тұрған маман да бар. Арқа сүйер ешкімі жоқ жас маман науқас баласын туыстардың үйінде қалдырып, жанбағыс үшін жұмысқа баруға мәжбүр. Зейнет жасына 4-5 ай қалған ана да бар. Тіпті, кей мамандар шиіттей балаларын қараусыз қалдырып, жұмысқа кетіп жүр. Елімізде ыстан уланып, бір үйдің 4-5 баласы көз жұмған оқиғалар бізде де қайталанбасына кім кепіл? Ондай жағдай туа қалса, облыс пен аудандағылар тағы ата-ананы кінәлап шыға келмек пе?

7. Бұл мәселелерге аудандық аурухана басшысы назар аударғысы келмейді. Оның ұстанымы “шыдасаң - осы. шыдамасаң - кете берден” аспай тұр. 

Сол басшы қызметкерлерін “айтуға ауыз бармайтын қалдықтарды қолмен сорттауға” мәжбүрлеген. Дәрігерлер “Ұшынып ауру болатын болдық. Бізді аудандық аурухана басшысы қорлап отыр” деп шағым айтуда.

Осындай “мембілемдіктің” салдары ауданнан кәсіби мамандардың көшіп кетуіне әкеліп жатыр. Ал, басында несиесі бар, күнкөріс қиын мамандар амалсыз бәріне көнуге мәжбүр. 

8. Соңғы жылдары ауылымызға спорт кешені, мәдениет үйі салынып, ел жақсылыққа үміттеніп отырғанда,  аурухана жабылып қалуы ақылға сыймайды. Бұл жайт елді қалаға көшуіне мәжүрлеп, оқушылардың да санын азайтары анық. Бәрінен үмітін үзіп “қалаға көшеміз” деушілер де көбейуде. 

Жылы ұясын тастап олар қайда барады? Қалада оларды кім күтіп тұр?  Қала төңіректеп, пәтер жалдап, қаңғыған қазақтың қатарына қосылмай ма? Олардың бала-шағасының тағдыры не болмақ? Аурухананы жапқандағы тапқан пайдамыз, жеткен жетістігіміз осы ма?

9. Қызметкерлер “бұрынғы басшылық кезінде өрескел заң бұзушылық болғанын, қазір соның зардабын тартып жатырмыз” дегенді айтады. Еңбек ақыны 4-5 айға кешіктіріп беру, толық штаттағыларға 0,75, 0,75-0,50 еңбекақы төлеу, зейнетақы жинағына ақша аудармау, (жалақыдан ай сайын ақша ұстап қалады), күнделікті тұтынатын заттарға (сабын, сүлгі, тазик, шелек, электр жабдықтары, т.б) ақша жинау сияқты заңсыз әрекеттер  болған. Аурухана ішін жеңіл жөндеу жұмыстарын да дәрігерлер өз қалтасынан көтерген.

Шынында бұл бұрынғы басшылықтың қателігі болса, оның зардабын кейінгі басшылар немесе соның қарамағындағы қызметкерлердің тартуы қаншалық әділетті?

Бұрынғы болсын, қазіргі болсын басшылардың ел көріп отырған заңсыздықтарынан қарапайым халық неге зардап шегуі керек? 

Жоқ әлде мұның астарында ұзақ жылдан жалғасып келе жатқан сыбайлас жемқорлық мәселесі жатқан  жоқ па? 

Мұның бәрі біз үшін үлкен сұрақ? Жауап берер біреу бар ма?

Біз Сүмбе ауылының тұрғындары ауылымыздағы аурухананың жабылуына наразылық білдіре отырып, мемлекеттік қаржы бақылау мекемелері, Жемқорлыққа қарсы агенттіктер ауданның денсаулық саласының соңғы 4-5 жыл көлеміндегі жұмыстарына тексеріс жүргізуін талап етеміз! 

Қалай деп ақталса да, қандай бұйрыққа сүйенсе де шекаралы ауылдың ауруханасын жабу 100% қате шешім. Халықтың талап-өтінішін  ескере отырып, аурухананы қайтадан қалпына келтіріп берулеріңізді  талап етеміз!

Бірлік Әбілқайыр, ауыл тұрғыны

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар