Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Өрттен 15 сағат бұрын ғана той өткізген” - 12 адамның өмірін жалмаған сұмдық жағдай туралы тың ақпарат белгілі болды

20:35, 18 қараша 2025 922

Түркістан облысының Алғабас ауылында бір отбасының мүшелері өрттен қаза тапты, деп хабарлайды Alash.kz.

Қаза тапқандардың ішінде 34 жастағы үй иесі, 31 жастағы жұбайы және олардың 5 баласы бар. Бұған қоса, үй иесінің 61 жастағы анасы мен ағасы жан сақтау бөлімінде жатыр. Ал ағасының әйелі мен төрт баласы тілсіз жаудан қаза болды, олардың бір баласы жан сақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.

Вице-премьер Қанат Бозымбаевтың айтуынша, қаза тапқан азаматтардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетілуде. Ауруханаға түскен үш адамның жағдайы ауыр, олар жан сақтау бөлімінде жатыр. Бір азаматтың денесінің 12%-ы күйіп, екі зардап шегушінің денелерінің 30% және 11%-ы күйіктер алған. Қазір олар ОЖЖ аппаратына қосылған, ал Шымкенттен санитарлық авиация бригадасы ұшып шыққан.

Қайғылы оқиғадан 15 сағат бұрын отбасы мейрамханада сүндет той  өткізген, кейін отбасылық мерекені үйде жалғастырған екен. Бір күнде орны толмас қайғыға ұшыраған әулет бұл үйге үш жыл бұрын қоныс аударған.

— Үш туысқан бауыр бар. Бір осы көшеде, екіншісі көрші ауылда тұрады. Шараны ұйымдастырған отбасы тойдан кейін үйлеріне кеткен. Ал екінші бауырдың отбасы осы үйде түнеген, — дейді Қайырберген Болжымбетов.

Қайғылы оқиғадан кейін көршілер үйден көмек шақыруға талпынған айқай естіп, терезенің алдында тұрған балалар мен ересектерді көргенін айтады. Алайда бәрін құтқару мүмкін болмаған.

— Газдан болған жоқ, жарылыс та естілмеді. Маған электр сымдары қысылып, токтан шыққан деп айтты, — дейді көрші.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зулфухар Жолдасов олардың бірі есін жиғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, дәрігерлер науқастарды жіті бақылауда ұстап отыр. «Қазір жәбірленушілердің біреуі есін жиды. Қажет болса, үшеуін де аудандық ауруханадан Астанаға санитарлық авиация арқылы көшіруге әзірміз», – деді Жолдасов.

Шенеунік оқиғаға байланысты тергеу амалдары жалғасып жатқанын, оның қорытындысы қосымша хабарланатынын да атап өтті.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар