Бүгін Алматыда «Түркі әлемінің медиа кеңістігі: жаңа дәуірдегі міндеттер мен мүмкіндіктер» тақырыбында VI Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумы басталды. Екі күнге жоспарланған жиынға Түркі әлемі мен Еуропадан, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдар мен медиа ұйымдардан келген сарапшылар мен журналистер қатысуда, деп хабарлайды Alash.kz.

Фото: Дәурен Мақсұтханұлы
Медиа өңірлік қауіпсіздіктің маңызды құралына айналды
Германиядағы Түрік медиасы ассоциациясының маманы Аднан Өзтүрк медианы «жүректер арасындағы көпір» деп сипаттап, соңғы жылдардағы тәжірибелерді мысалға келтірді. Кавказдағы 2020 жылғы қақтығыстар кезінде әлеуметтік желілердегі жалған ақпарат этностар арасындағы қорқыныш пен өшпенділікті арттырған. Алайда кейбір медиа ресурстары тексерілген ақпарат ұсынып, жағдайды тұрақтандыруға үлес қосқан.

Фото: Дәурен Мақсұтханұлы
Аднан Өзтүрктің айтуынша, Таяу Шығыстағы диалогтық жобалар да дәл осындай әсер берген. Бір телеарна жас буынды ортақ студияға жинап, ашық пікір алмасу ұйымдастырған. Жастар бір-біріне қарсы емес, ортақ аймақтың балалары ретінде сөйлескен. Бұл миллиондаған көрерменнің санасындағы стереотиптерді бұзуға мүмкіндік берген.
Хабар тілінің ыңғайы, кадр таңдауы, тақырып қою қоғамдағы ахуалға тікелей әсер етеді. «Медиа қорқынышты емес, эмпатия мен түсіністі күшейтуі керек. Нағыз қауіпсіздік ананың көз жасын, баланың қорқынышын, жастың үмітін шынайы көрсету арқылы қалыптасады. Шынайы журналист тек дерек жазатын адам емес, адамды қорғаушы. Ал шынайы медиа – қорқыныстың емес, адамзаттың жағында тұратын медиа», — деді сарапшы.
Медиа – өңірлік шиеленісті азайтудың негізгі құралы
Әзірбайжан Журналистер одағының төрағасы Эльчин Шыхли медианың өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін атап өтті. Медианың тек ақпарат таратушы емес, қоғамдағы ойды қалыптастырып, халықтар арасындағы сенімді нығайта алатын күш екенін айтты.

Фото: Дәурен Мақсұтханұлы
2020 жылғы Кавказдағы қақтығыстар кезінде әлеуметтік желілердегі жалған ақпарат қорқыныш пен өшпенділікті өршітсе, шынайылық пен бейбітшілікті алға қойған ұйымдар жағдайды тұрақтандыруға үлес қосты. Тбилисидегі Caucasian House журналистерге эмпатияға негізделген тренингтер өткізсе, Seeds of Peace ұйымы Израиль, Палестина және басқа ел жастарын бейтарап алаңда біріктірді. Al Jazeera «The Stream» платформасы да бейбітшілікке бағытталған пікір алмасу алаңын ұсынды.
Шыхли медианың әр сөзі мен тақырыбы қоғамдық көңіл-күйге әсер ететінін айтып, «Медиа қорқыныш тудырмай, түсіністік пен эмпатияны күшейтуі тиіс» деді. Бейбітшілік саясатпен ғана емес, ақпарат, тіл және мәдениет арқылы да орнатылатынын ескертті: «Медиа үміттің үнін күшейтсе, сенім қайта жанданады».
Түркі әлемінің ортақ медиа кеңістігін қалыптастыру – стратегиялық міндет
Қырғыз Республикасы Журналистер одағының төрағасы Илязбек Балташев түркі елдері үшін ақпараттық интеграцияның өзектілігін атап өтті. Спикердің айтуынша, өнер, мәдениет, кино салаларындағы байланыс дамығанымен, медиа бағытындағы ортақ жобалар жеткілікті деңгейде қалыптаспаған.
«Қазіргі медиа кеңістік өте жылдам өзгеріп жатыр. Цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, алгоритмдер мен әлеуметтік желілер қоғамның ойлау жүйесін қалыптастырып, ақпарат қабылдау мәдениетіне тікелей ықпал етуде. Осындай кезеңде ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті сақтау, мәдени код пен рухани құндылықтарды қорғау аса маңызды. Әйтпесе жаһандық ақпарат толқынында өзімізді жоғалтып алу қаупі бар», — деді қырғыз делегациясының өкілі.

Фото: Дәурен Мақсұтханұлы
Балташевтың пікірінше, түркі мемлекеттерінде қуатты медиа платформалар болғанымен, бір-бірінің контентін толық пайдалану жүйесі жолға қойылмаған. Мұның себебі — бірыңғай стандарт пен ортақ технологиялық жүйенің жоқтығы.
«Егер біз түркі елдерінің ақпараттық кеңістігін біріктіретін ортақ жаңалық агрегаторын жасап, оны жасанды интеллектке негіздесек, бұл стратегиялық серпіліс болар еді… бірнеше минут ішінде бүкіл өңірге тарата алатын цифрлық платформа құрылса, журналистика да, ақпараттық саясат та жаңаша деңгейге көтеріледі», — деді Балташев.
Oртақ ақпараттық кеңістікті біріктіру - заман талабы
Форумда Өзбекстан Туризм министрінің кеңесшісі Лола Рахманбаева сөз сөйледі. Түркі мемлекеттерінің ортақ ақпараттық алаңға ие болуы уақыт талабы және болашақтағы маңызды қадамдардың бірі екені айтылды.
«Бұған қол жеткізу үшін бірыңғай ақпараттық арнаның қалыптасуы қажет. Яғни түркі мемлекеттерінің ортақ ақпараттық үні пайда болады, осы бағытта бірлесе әрекет етуіміз керек», — деді спикер.

Фото: Дәурен Мақсұтханұлы
Лола Рахманбаеваның айтуынша, түркі елдері әлемге танылу жолында біріккен ақпараттық стратегияны құруға тиіс.
«Бүгінде ортақ әлемдік орталықтарда PR құралдарын меңгеру, ақпараттық технологияларды игеру, мәдени және туристік әлеуетімізді сапалы таныстыру — ортақ міндет. Медиада қызмет ететін журналистер бұл бағытта маңызды рөл атқарып келеді», — деп атап өтті ол.
Спикер негізгі мақсат — түркі елдерінің ақпараттық байланысын нығайтып, коммуникацияны бір арнаға түсіру екенін айтты.
«Барлық мемлекеттер бір орталыққа тоғысып, әлемдік ақпараттық кеңістікке еркін енуі керек. Бұл ақпарат алмасуды жеңілдетіп, ортақ үн қалыптастырады», — деді Лола Рахманбаева.

Фото: Дәурен Мақсұтханұлы
Ол түркі мемлекеттерінің халықаралық танымдылығын арттыру бағытында нақты істер атқарылып жатқанын жеткізді:
«Қазақстанда да, Түркияда да, Әзірбайжанда да ілгерілеуді көріп отырмын. Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Түркия, Түрікменстан өз мемлекеттерінде бір-бірін таныту, ақпараттық ынтымақтастық орнату жолында жүйелі жұмыстар жүргізуде».
PR экономикалық ынтымақтастықтың жаңа қозғаушы күші
Түркияның TUSDER басқарма мүшесі Бихтер Айиылдыз «PR экономикалық ынтымақтастықтың драйвері: бизнеске арналған мүмкіндіктер» тақырыбында баяндама жасап, мемлекеттер мен компаниялар арасындағы тиімді коммуникацияның заманауи рөлін атап өтті.

Фото: Дәурен Мақсұтханұлы
Айиылдыз өз кәсіби жолын таныстырып, Францияда өнер тарихы бойынша білім алғанын, елге оралған соң люкс индустриясы мен коммуникация саласында жұмыс істей бастағанын айтты. 15 жыл бойы Tiffani, Omega сияқты брендтердің Түркиядағы PR стратегияларын басқарған. Соңғы 5,5 жылда өз агенттігін құрып, люкс брендтерге кеңес беру, тұрақты даму стратегияларын әзірлеу және FluMek медиа платформасында контент өндірумен айналысуда.
PR-дың мемлекетаралық экономикалық ынтымақтастықтағы рөлі ерекше екенін айтты. Тиімді коммуникация бизнеске, инвестициялық климатқа және брендтердің жаһандық нарықтағы позициясына әсер етеді.
«PR тек имидж қалыптастыру тетігі емес, экономикалық байланыстарды нығайтатын драйвер. Дұрыс стратегия жаңа серіктестікке, жаңа нарықтарға жол ашады», — деді спикер.
Түркі әлеміндегі дағдарысқа қарсы коммуникациялардың рөлі
HeadHunter компаниясының Орталық Азиядағы маркетинг және PR менеджері Мұхамед Бағдатұлы «Өзгеріс дәуіріндегі түркі әлемі: дағдарысқа қарсы коммуникациялар және беделді басқару» тақырыбында баяндама жасады. Ол Орталық Азиядағы коммуникация мен PR саласының үрдістерін, еңбек нарығындағы ашықтық пен сенімді ақпараттың маңызын атап өтті.

Фото: Дәурен Мақсұтханұлы
Компания аймақтардағы жұмыс берушілер мен іздеушілер арасында сауалнамалар жүргізіп, нәтижелерді пайыздық көрсеткіштермен жариялайды. Бұл еңбек нарығының динамикасын дәл бағалауға мүмкіндік береді.
Бағдатұлы дағдарыс кезеңіндегі коммуникацияларға тоқталып, ақпараттың тез өзгеруі, аудитория сенімінің төмендеуі және деректердің бұрмалану қаупі үш негізгі фактор екенін атап өтті.
«Ақпарат бұрмаланған жағдайда жалған хабарлар жиілейді. Сондықтан БАҚ-пен тығыз байланыста болып, ресми арналар арқылы түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргіземіз», — деді ол.
Медиабизнесті тұрақтандырудың жаңа моделі
Өзбекстандық «Халық сөзі» газетінің сарапшысы Нұрлан Усманов медианың бір табыс көзіне сүйену тәуекелге толы екенін, ал кірісті әртараптандыру медианың ұзақмерзімді қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды қадам екенін айтты.

Фото: Дәурен Мақсұтханұлы
Сонымен қатар, соңғы он жылда медиа саласы түбегейлі өзгеріп, дәстүрлі қаржыландыру жеткіліксіз болған. Жазылым жүйесі, донаттар, жарнама және гранттық жобалар — медианың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін төрт негізгі бағыт.
«Ресми басылым болғандықтан, жазылым әлі қағаз нұсқа арқылы жүзеге асады. Болашақта сайт, мобильді қосымша және Telegram арқылы онлайн жазылым іске қосылады», — деді Усманов.

Фото: Дәурен Мақсұтханұлы
Спикер медианың тек жарнамаға тәуелді болмауы, оқырман қолдауы мәдениетін қалыптастыру және редакция мен аудитория арасындағы сенімді күшейту маңызды екенін атап өтті. Қазіргі кезде көптеген медиа сайттар мен әлеуметтік желілерде оқырмандардан шағын, тұрақты қаржылай қолдау жинауға арналған бөлімдер бар, алайда Өзбекстандағы ресми басылымдарда бұл тәжірибе әлі енгізілмеген.
Мәдени байланыстың маңызы артып келеді
Ыстанбұлдан келген “Еуразия ынтымақтастығы қорының” басшысы Ахмет Түзүн “Мәдени мұралар арқылы түркінің ұлттық құндылықтарын насихаттау” тақырыбында баяндама жасады. Спикер қайта бас қосып, бірлік аясында жүздесудің түркі дүниесіне серпін беретінін атап, ұйымдастырушыларға, әсіресе Нәзия ханымға алғысын білдірді. Мәдени мұра халықтың өткенін танып, болашағын дұрыс бағдарлауға мүмкіндік беретін баға жетпес қазына, деді ол.
«Түркі халқы әлемдегі ең бай әрі ең көне мәдениеттердің біріне ие. Кең байтақ географияда тамыры терең, тарихы бай өркениетке айналған», — деді спикер.
Ахмет Түзүн түркі әлемінің мәдени мұраларының сан қырлы әрі бір-бірінен ерекше екенін атап өтті. Орхон ескерткіштері, Қырғызстандағы Бурана мұнарасы, Самарқандтағы көне сәулет туындылары мен тарихи қалалардың келбеті түркі дүниесінің ортақ тамырын көрсетеді. UNESCO-ның Дүниежүзілік мәдени мұра тізімінде түркі мұралары ерекше орын алады. Ыстанбұл бұғазындағы Қыз мұнарасы секілді әлемдік деңгейдегі нысандар түркі мәдениетінің айрықша бейнесі.

Фото: Дәурен Мақсұтханұлы
Спикер ортақ географиялық кеңістіктегі табиғи және тарихи нысандарға да тоқталды: Алтай таулары — түркі халықтарының тарихи бесігі, Тарбағатай таулары, Шарын каньоны, Қор-Сай өңірі және Каспий теңізі түркі елдерінің ортақ байлығы әрі маңызды геосаяси кеңістік болып табылады.
Ахмет Түзүн түркі әлемі алдында тұрған өзекті мәселелерге де назар аударды. Арал теңізінің мүшкіл жағдайы ортақ мәдени және табиғи мұраға жеткілікті құрмет көрсетілмегенінің салдары.
«Арал түркі тарихында ерекше орын алған, оның төңірегінде сан түрлі жырлар, аңыздар, әндер туған. Қазіргі жағдайы жүрек ауыртарлық. Бұл мәдени және табиғи мұраларды сақтаудың қаншалықты маңызды екенін еске салады», — деді спикер.