Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ата-аналарға балаларына қызылшаға қарсы вакцина салдыру керек екенін ескертіп, видеоүндеу жолдады, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
“Құрметті ата-аналар!
Ана ретінде де, дәрігер ретінде де мен әрбір ата-ана үшін ең басты құндылық — баласының қауіпсіздігі екенін жақсы білемін.
Бүгінде елімізде қызылша ауруының өсуі тіркелуде. Бұл «қарапайым балалар инфекциясы» емес. Қызылша — асқынуы ауыр болуы мүмкін қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Ол пневмонияға, нерв жүйесінің зақымдануына және басқа да күрделі салдарға әкелуі мүмкін. Әсіресе ерте жастағы балалар осал келеді.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің тарапынан бірқатар шаралар қабылданды: 6–10 айлық балаларға қосымша иммундау басталды, екпені өткізіп алған балаларды вакцинациялау ұйымдастырылды, профилактикалық жұмыс күшейтілді. Қазіргі таңда сырқаттанушылықтың өсу қарқынының төмендеуі байқалады, дегенмен жағдай баршамыздың ортақ жауапкершілігімізді талап етеді.
Сенімді қорғанудың жалғыз жолы — вакцинациялау. Оның қауіпсіздігі мен тиімділігі көпжылдық тәжірибемен дәлелденген.
Сіздерді дәлелді медицина қағидаттарына және мамандардың ұсынымдарына сүйенуге шақырамын. Балаңызға екпе жасату арқылы сіз тек өз балаңызды ғана емес, өзге балаларды да қорғайсыз.
Балаларыңыздың денсаулығына қамқорлық жасаңыздар. Екпені уақытылы алыңыздар”,- деп жазды министр.