Атырау облысы Жангелдин ауылында өз үйінен өлі табылған ерлі-зайыптының туыстары - қыздары Ақбаянның тірі табылғанына қуанып отыр, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Оның бұл қанды қылмысқа қатысы барына сенгісі жоқ.
«Енді із-түзсіз кеткен екі бауырымыздың, ең болмағанда, сүйегін тапсақ», - дейді олар КТК арнасына берген сұхбатында.
Еске салсақ, Ақбаян мен оның азаматтық некедегі күйеуі Индонезияда ұсталған еді.
Жангелдин ауылындағы өз үйінде көмулі табылған ерлі-зайыптының өліміне күдікті күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев пен қызы Ақбаян Мұқанғалиеваның ұсталғанын естіген қаралы үйдің туыстары «сіңліміздің аман табылғанына қуандық» дейді.
Осы уақытқа дейін өлі-тірісін біле алмай отырған Мейрамгүл мен Наурыз «бауырымыздың енді, ең болмағанда, сүйегі табылар» деп жылаған.
Асила Мұқанғалиева осыдан екі ай бұрын аға-жеңгесінің отбасы ұшты-күйлі жоғалғанын айтып бізге алғаш сұхбат берген еді. Сол кезде де Ақбаян сіңлісімен жақын араласқанын айтты.
Асила Мұқанғалиева, марқұм Мақсот Мұқанғалиевтің қарындасы:
— Ақбаянның тірі екеніне қуандық. Қасында екеніне қуандық. Екі бауырымыз табылатын болды ғой. Ақбаян келіп, жазылып, емделіп, балаларын бауырына басады ғой деп ойлап жыладық. Күдікті істегенінің бәрін мойнына алса екен дейміз.
Қаралы отбасының туыстары Ақбаянның бұл қанды қылмысқа қатысы бар екеніне сене алмайтынын айтады. «Өз әке-шешесін айуандықпен өлтіруі мүмкін емес, ол есі кіресілі-шығасылы күйде күйеуінің қасында еріп жүрген болар деп отырмыз» - дейді.
Асила Мұқанғалиева, марқұм Мақсот Мұқанғалиевтың қарындасы:
— Сенбейміз, Ақбаян күдікті дегенге сенбейміз. Ақбаян бала құсап қасына ілесіп жүргені болмаса, жүр дегенге жүреді, болды. Бірақ әлі ештееңе шешілген жоқ қой. Ол өз әкесіне, анасына, бауырларына қиянат жасайды деп ойламаймын.
Асила Мұқанғалиева Ақбаянмен қалада жиі араласып тұрған. Сіңлісінің өте балажан екенін айтады. «Бауырымыздың балаларын жан-жаққа бөліп, шырылдатып, балалар үйіне алып кеткені бізге де оңай тимеді, аман-есен оралса, бес баласын бауырына алуына ағайын-туыс болып, қолдау көрсетеміз» - дейді.
Айта кетейік, Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында бір үйдің төрт адамы із-түзсіз жоғалып, кейін зейнет жасындағы ерлі-зайыптылар өз үйінен өлі табылған. Ал олардың ұл-қызы Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалина әлі іздеуде. Қылмысқа күдікті күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиева Индонезия Республикасының Ломбок аралындағы Сенару ауылынан ұсталды. Қазір құзырлы органдар күдіктілерді елге қайтаруға баңытталған шараларды іске асырып жатыр.