UFC лигасында өнер көрсетіп жүрген қазақ файтері Шавкат Рахмонов (18-0) октагонға қашан оралатынын және болашақ қарсыластары туралы айтты.
1bol.kz мәліметінше, қазір Шавкаттың салмағында әлем чемпионы атағы британдық Леон Эдвардсқа тиесілі. Ал, рейтингте бірінші орында – Камару Усман, екінші орында Колби Ковингтон тұр.
«Мен қазір демалып жатырмын, өз шаруаларымды бітіріп алайын. Келесі жекпе-жектің нақты қашан болатынын да білмеймін, әзірге белгісіз. БАҚ-та әр нәрсені жаза береді. Иә, Камару Усманмен жекпе-жекке шығуым мүмкін. Чемпиондық титулға да төбелесуім мүмкін. Әлі нақтысын ешкім білмейді. Қазір мен өз салмағымда UFC титулына басты үміткерлердің бірімін», - деді Рахмонов.