Қытайдың солтүстігіндегі Циньюань уезі аумағында орналасқан Люшэньюй көмір шахтасы кен орнында ірі газ жарылысы болып, ондаған адам қаза тапты. Бұл туралы Alash.kz. Scmp.com порталына сілтеме жасап хабарлады.
ҚХР Төтенше жағдайларды басқару министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, апат кезінде шахта астында 247 кенші болған. Қайғылы оқиға салдарынан кемінде 90 адам көз жұмған. Тағы тоғыз адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
Жарылыс салдарынан жалпы 123 адам ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, екі адамның жағдайы аса ауыр болса, тағы екі кеншінің жағдайы ауыр деп бағаланған. Сонымен қатар 33 адам қажетті ем қабылдап, үйлеріне жіберілген.
Құтқару жұмыстарына Шаньси провинциясы аумағынан 755 адам жұмылдырылды. Олардың қатарында құтқарушылар, дәрігерлер және арнайы қызмет өкілдері бар. Қазіргі уақытта іздестіру-құтқару операциясы жалғасып жатыр.
Си Цзиньпин жоғалған кеншілерді іздеу және зардап шеккендерге көмек көрсету үшін барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар шахтаға иелік ететін компанияның жауапты тұлғалары Қытай заңнамасына сәйкес бақылауға алынғаны хабарланды.