Алакөлде демалыс кезінде жоғалып кеткен 44 жастағы Руслан Мусагалиевтің денесі бірнеше күнге созылған іздеу жұмыстарынан кейін табылды, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Туыстарының айтуынша, Руслан Мусагалиев Алакөлге жұбайы, үш баласы және әкесімен бірге демалуға барған. 17 тамыз күні кешке ол «серуендеп келемін» деп демалыс орнынан шығып, қайта оралмаған.
Ер адамның көлге шомылмағаны белгілі болды. Бейнебақылау камераларынан оның Арбат маңында жүргені байқалған. Кейін телефоны өшірулі болған. Полицияның нақтылауынша, ұялы телефон Алакөл жағалауынан табылған.
Русланды іздеу жұмыстары 18 тамызда басталған. Оған полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар қызметі, әскери қызметшілер мен еріктілер жұмылдырылып, қызметтік көліктер мен дрондар пайдаланылған.
Іздеу барысында ер адамның денесі демалыс орындарынан шамамен 200 метр қашықтықтағы қалың ағаштардың арасынан табылды.
Полиция бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу бастаған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Туыстарының айтуынша, Руслан Мусагалиевтің денсаулығына байланысты мәселелері болған және жоғалар алдында өзін жайсыз сезінген.
Полиция әлеуметтік желілерде тараған расталмаған ақпаратқа сенбеуге және тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.