Сенатор Жанна Асанова бүгін Парламентте некеге дайындықты мектеп жасынан бастап енгізу туралы ұсыныс жасады. Оның пікірінше, бұл қадам Қазақстанда отбасы институтын нығайту және ажырасуларды азайту үшін өте маңызды, деп жазады Alash.KZ.
Асанова елімізде ата-аналардың балаларын өмірлік қажетті дағдыларға үйретуге жиі мүмкіндігі болмайтынын атап өтті. Бұл дағдылар, оның ішінде тұрмыстық техника жөндеу, қаржылық сауаттылық, алғашқы медициналық көмек, төтенше жағдайларда әрекет ету және өзін-өзі қорғау сияқты өмірлік қабілеттер, балалардың дұрыс әрі толық дамуына ықпал етеді.
Әсіресе, бүгінгі күні көп балалар ата-анасыз өсіп жатыр, ал Қазақстанда соңғы жылдары ажырасу деңгейі өсіп барады. Мысалы, 2021 жылы 141 мың отбасының 60 мыңдайы ажырасып кеткен, ал 2024 жылы 125 мың неке тіркеліп, олардың 61 мыңына ажырасу үдерісі келген. Бұл көрсеткіш еліміздегі тұрақты тенденцияға айналып отыр.
Жанна Асанова бұл тәжірибенің дамыған елдерде, әсіресе Оңтүстік Корея мен Жапонияда қолданыста екенін айтты. Осы елдерде мектептерде балаларға үй шаруашылықтары, қаржылық сауаттылық, және басқа да маңызды дағдылар оқытылатыны туралы мәліметтер бар.
Сенатордың айтуынша, мұндай шаралар жастардың некеге дайын болуына көмектесіп, отбасы институтының беріктігін арттырады. Ол орта және жоғары сынып оқушыларына өмірге қажетті дағдыларды үйретуді ұсынып, бұл бастаманың елімізде ажырасу мәселесін шешуге ықпал етуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Егер Қазақстан осы бағытта қадам жасаса, балаларға қажетті білім беру арқылы жанұялық қатынастарды нығайтуға және ұлттық деңгейде дағдарыстарды алдын алу мәселесін шешуге үлкен мүмкіндік туады.