Оның айтуынша, жоба аясында екі атом энергоблогын салу және оған қажетті инфрақұрылымды дамыту көзделген.
Жалпы соманың 16,5 миллиард доллары станция құрылысына бағытталса, тағы шамамен 2 миллиард доллар физикалық қауіпсіздік шаралары мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады.
Жобаны қаржыландыру Ресей тарапынан берілетін экспорттық несие есебінен жүзеге асырылуы мүмкін. Қазір екі елдің профильдік ведомстволары несие шарттарын талқылап жатыр.
Сәтқалиевтің сөзінше, ұсынылып отырған қаржыландыру талаптары Қазақстан үшін тиімді деп бағалануда.
Қазіргі уақытта болашақ атом электр станциясы салынатын аумақта инженерлік-зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Негізгі құрылыс жұмыстары 2027 жылы басталады деп жоспарланған. Сол кезде алғашқы бетон құю жұмыстары қолға алынбақ.
Алғашқы энергоблокты 2034 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Мамандар мұндай ауқымды нысандардың құрылысы әдетте шамамен 10 жылға созылатынын атап өтті.