ҚР Қорғаныс министрлігі әскерге шақырылғандарды орындық және таяқпен ұрған ақтаулық командирге қатысты оқиғаға пікір білдірді, - деп хабарлайды Alash.kz.
Ведомство мәліметінше, 2023 жылғы тамызда Ақтау гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде взвод командирінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге қатысты билікті асыра пайдалану оқиғасы анықталған болатын. Дерек бойынша тергеу іс-шаралары жүргізіліп, Ақтөбе гарнизоны әскери сотының шешімі бойынша, тараптардың татуласуына байланысты іс тоқтатылған.
"Қазақстан Республикасы "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңының 26-бабы 2-тармағына сәйкес сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін әскери қызметші теріс себептермен ҚР Қарулы күштерінің қатарынан босатылады", - делінген хабарламада.
Бұған дейін "Диапазон" басылымы Ақтауда командир әскерге шақырылған сарбаздың басынан орындықпен ұрғанын жазған болатын. Сондай-ақ, ол әскерге шақырылғандардың басынан таяқпен ұрған. Нәтижесінде 25744 әскери бөлімінің әскери қызметкеріне қызметтік өкілетін асыра пайдаланды деген айып тағылғаны айтылған. 2-шабуылдаушы батальон миномет батареясының 1 взвод командирінің қылмыстық ісінде бірнеше эпизод болған.