Қазақстанда енгізіліп жатқан жаңа Салық кодексі мен жалпы экономикалық ахуал кәсіпкерлерге елеулі қиындықтар туындатып отыр. Бұл туралы салық саласы бойынша маман Максим Барышев мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.KZ.
Uchet.kz платформасында жарияланған бейнежазбада сарапшы қазақстандық кәсіпкерлердің бір бөлігі бизнесін Қырғызстан мен Өзбекстанға көшіру мүмкіндігін қарастырып жатқанын атап өтті.
Барышевтің айтуынша, кәсіпкерлер көршілес мемлекеттердің салық және экономикалық саясатын мұқият зерттеп отыр. Оның сөзінше, жабық форматтағы кездесулердің бірінде Қазақстан және Өзбекстан өкілдерімен пікір алмасу барысында еліміздегі салықтық талаптардың күрделілігі ерекше назарға алынған.
– Қазақстандағы салық саясатының бірқатар тұстары бизнестің дамуына кедергі келтіріп отыр. Бұл жағдай шетелдік инвесторлар үшін белгілі бір мүмкіндіктер ашуы мүмкін болғанымен, отандық кәсіпкерлерді басқа елдерге кетуге итермелеуі ықтимал, – деді сарапшы.
Салық маманының пікірінше, Қазақстандағы кейбір бизнес субъектілері көрші елдерде қалыптасқан неғұрлым қолайлы салық режимі мен экономикалық жағдайға қызығушылық таныта бастаған. Мұндай үрдіс ел ішіндегі кәсіпкерлік ортаға қосымша қауіп-қатерлер әкелуі мүмкін.