Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Сәйгүліктен асау ғұмыр»: Елордадағы Әзағаң театры Табылды Досымовқа арнап музыкалық драма сахналайды (ВИДЕО)

18:18, 13 қыркүйек 2026

Астана төріндегі Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры ІХ маусымының шымылдығын қазақтың тұңғыш бард-ақыны Табылды Досымовтың ғұмырнамасынан сыр шертетін «Сәйгүлік» музыкалық драмасымен түрілді, деп хабарлайды Alash.kz.

Маусымды арқалы ақынның әуезді әлемі мен толқынды тағдырына арналған сахналық туындымен бастауының да тұшымды себебі бар. Спектакль «Steppe Awards 2025» беделді өнер сыйлығының «Үздік спектакль» номинациясын жеңіп алған. 

Қырда туған таудай ұл хақындағы жұп-жұмыр туындыны елордалық көрермен назарына ұсыну үшін қалам тартқан драматург - Қ. Аманжол. Ал, оны сахна сәніне сай өңдеген режиссер - Ә.Бидахмет.

Мемуарлық спектакльдің өзгеден ерекшелігі сол - бір ғана адамның тағдыры көрермен көз алдынан 1,5 сағат ішінде өтеді. Жылдардың алмасуы, образдардың есеюі, сәннің өзгеруі сияқты дүниелерді Әзағаң театры өз биігінде алып шықты. бір ғана контейнердің шетінде оқиға өрбіген жылдардың жазылуы, шығармаға арқау болған Сәйгүліктің этюдін мен күткендей адам сомдамады. Сәйгүліктің бутафориялық қуыршағы ел алдына шықты. Мұндай реквизиттер драма театрларында жиі қолданыла бермейді. 

ТІЛШІ ПІКІРІ

ОН СЕГІЗ НЕТКЕН ҰЯҢ ЖАС ЕДІ...

Спектакльдің алғашқы бөлімдері көрерменді ақынның албырт та арманшыл студенттік жылдарының тыныс-тіршілігін сахналайды. 80-жылдардың басындағы жас Табылдың бойындағы дарынның пәк махаббатпен өрілген нәзік иірімдері суреттеледі.

Үйіме қайтам өкініп, тынып,
«Сүйемін» деуге бата алмай.
Төлеген болып бекініп тұрып,
Жайықты кешіп өте алмай.
 
Он сегіз неткен ұяң жас еді,
Сырғақтай берем сырғақтай.
Аймалап сүйіп қиялда сені,
Алдыңда үнсіз тіл қатпай.
 
Күнекей қыз (Т. Досымов)

Шын достық пен Табылдың жырындағы Күнекей қыздың образы көрерменнің жадында әуенді сахнамен сақталды.  

ЕРЕУІЛ АТҚА ЕРІН САЛҒАН ЕГЕСТЕ...

Әрі қарай алаңсыз студенттік өмірдің лебі лезде алмағайып заманның қатал шындығымен алмасып, туындының өзегі әскер қатарындағы жылдар мен өмірдің тынысы басқа арнаға бұрылатын ауыр кезеңдермен сабақтаса кетті. 

Бір құдірет тұла бойды тасқанда,
Құлаш ұрмай тауға, шыңға, асқарға,
Қыр баласы тауға қарап өспейді,
Қыр баласы қол созады аспанға...

Биіктік (Т. Досымов)

Сарбаз шинелін киіп, қатал тәртіп пен сынақтармен бетпе-бет келген адуын Адай жігіттің ішкі арпалысы, тағдырдың жазмышына деген төзімі мен рухының мықтылығы актерлік шеберлік арқылы көрермен жүрегіне жетті. 

ЖАРЫҚТЫҢ ЖЫЛДАМДЫҒЫН ДА ЖОЛДА ҚАЛДЫРАМ...

Шығарманың шарықтау шегі мен драматургиялық маңызды тұсы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының ызғарлы да трагедиялық иіріміне ұласады. Осы тұста бард-ақынның шығармашылық феноменіне айналған әйгілі «Сәйгүлік» әні тойда шырқайтын әуен емес, бұғауды үзіп, азаттықты аңсаған, еркіндікке ұмтылған қазақ рухының асау символы әрі прототипі екені баян болады. 

Кездерде кейде қара бұлт айды бүктеген,
Үйіме үнсіз тұңжырап қайғырып келем.
Талықсып жатып содан соң кетемін уктап
Ұйықтап кетсем түсімде сәйгүлік көрем...

Мінем де шабам алдымнан аңғарлар қаптап,
Таулардан орғып өтемін, заңғарларды аттап
Жарықтың жылдамдығын да жолда калдырам
Мен болсам — арман, тұлпарым — арманнан да әппақ!

Сәйгүлік (Т. Досымов)

Саяси қысым мен Желтоқсан жаңғырығының салдарынан Алма қаладан туған жері Атырауға қуылып, тағдырдың ащы тәлкегі мен әділетсіздігін тартса да, ол өзінің азат өнеріне де, ақындық адалдығына да ешқашан дақ түсірмеді. Тұтас ұлт бостандығы жолындағы тауқыметті ақын образы арқылы айқын аңғартады.

ТАБЫЛДЫҢ БІР КЕЗДЕГІ ӘНІ ЕКЕН ДЕП...

Бұл сахналық туынды тек қана тағдыр тәлкегін тартқан өнерпаздың мұңды хикаясымен немесе трагедиямен шектелмейді. 

Сұм ажал қайыршы емес тиын сұрар,
Бір күні қу жаныңды бұйымшылар.
Қорқыттар құтылмаған бұл өлімнен,
Табылдың құтылуы қиын шығар.
 
Біз түгіл құтылмаған алып Абай,
Білмедім о дүниенің халі қалай?!
Табылдың бір кездегі әні екен деп,
Соңымнан зарлап жүрсін қалың Адай!
 
Жалған дүние (Т. Досымов)

Керісінше, қойылымның финалы өмірдің жалғастығы мен рухани сабақтастықты паш ететін жарқын көрініспен түйінтеледі. Ақынның көзі тірісінде-ақ оның шығармашылық феноменіне тәнті болған жас зерттеуші қыздың Табылды әндері мен поэзиясын ғылыми тұрғыдан зерделеп, арнайы диссертация жазуы қойылымның ең әсерлі әрі үміт сыйлайтын шарықтау нүктесіне айналды.

Табылды Досымовтай талай қабырғалы тұлғалардың өмірі жайлы қойылымдарда көрермен болып жүрміз. Бірақ, кейбіреулерінде спектакльден көңілсіз қайтамын.  «Қазақ үшін қызмет еткен ұл-қыздардың өмірі осылай қасірет шегімен өтіп кеткені қалай? Олар сонда бақыт таппады ма?» деген ойда қаламын. Себебі, қойылым соңы қайғылы аяқталып жатады. Әрине, көрерменді жылатып, эмоцияға берілдіру үшін бұл жақсы қадам шығар... Бірақ, мұнда қойылымның айтқаны емес, айтпағы маңызды ғой! Қадау-қадау ұлыларымыздың өмірі ащы болғанымен халқы онымен бірге екенін көрсету керек! «Сәйгүліктің» соңында Табылдай ақынның әні ұмытылмайтынын көзі тірісінде көргені, Қазақстанның ең шеткі нүктесінде күн кешіп кетсе де, оның әні бар қазақ даласында шырқалып жатқаны айтылғаны - тамаша қорытынды. 

ТІЛШІ ПІКІРІ

«Сәйгүліктей» қойылым арқылы Табылды Досымовтың артында қалған асыл мұрасының өміршеңдігі бедерленді. Ақын өнері уақыт сүзгісінен сүрінбей өтіп, әрбір жаңа ұрпақтың жүрегінде қайта түлеп, мәңгілік жаңғыра берері кәміл!

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар