Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Садыр Жапаров: Бәріміз өз мүлкімізді біреудің атына рәсімдеп қойғанбыз

09:22, 16 ақпан 2024 308
Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров 20 млн доллар тұратын мүлкін заңдастырды. Бұл туралы ол Facеbook-парақшасында жарияға жар салды.
«Мүлкімнің бағасы – шамамен 20 миллион доллар. Заңдастыру үшін мемлекетке миллион қырғыз сумын (11,2 мың АҚШ долларын) төледім. Бұл заң бойынша талап етіледі. Шетелде депозитім жоқ. Болған күннің өзінде мен оларды өзіміздің банктерге салып қояр едім. Жасыратыны жоқ, бәріміз өз мүлкімізді біреудің атына рәсімдеп қойғанбыз. Ол енді рас. Тіпті еліміздің ауқатты азаматтары әлі күнге дейін миллиардтаған ақшасын шетелдік банктерде сақтайды. Біздің елде ондай байлар көп. Енді проблема болмауы үшін бұл активтерді заңдастыруға мүмкіндік жасаудамыз», – деді Жапаров.

Бұдан бөлек,  қырғыз елінің президенті мүлікті 2024 жылдың 1 шілдесіне дейін ғана заңдастыруға болатынын айтты. Осы мүмкіндікті пайдаланған адамға мемлекет заңдастырылған капиталдың сақталуына 100 пайыз кепілдік беретінін уәде етіп, өзінің мүлкі туралы да айтты.

Оның сөзіне сенсек, қазір ғимараттың бағасы шамамен 20 млн АҚШ доллары тұрады. Оның елде де, шетелде де осы ғимараттан басқа мүлкі жоқ.
«Мүлікті заңдастырыңыздар! Мен сіздерге үлгі көрсетіп, осы жұмысты өзімнен бастадым. Ертең өкініп қалмаңыздар», – деді ол халқына үндеу тастап.

Айта кетейік, мүлікті заңдастыру туралы заң 2023 жылы қабылданған. Бұл Қырғызстанның қалтасы қалың азаматтарының ақшасы мен басқа дүние-мүлкін шетел ұстамай, өз еліне әкелу үшін әзірленген.

Фото: https://www.facebook.com/japarov.sadyr
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар