Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан ел тарихында алғашқы алтынды жеңіп алған Михаил Шайдоров өзіне қолдау білдірген отандастарына алғысын білдірді, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
- Құрметті достар! Сіздерге Миланнан сәлем жолдаймын. Маған қолдау білдірген барша отандастарыма ризашылығымды жеткізгім келеді. Сондай-ақ біздің дайындығымызға ерекше қолдау көрсеткен Мемлекет басшысына алғыс айтамын. Еліміздің мәнерлеп сырғанау федерациясының президенті Бауыржан Ералыға кейінгі жылдары аталған спорттың дамуына сіңірген еңбегі үшін рақмет айтамын. Шын жүректен жарысқа дайындық барысында жауапты және ауыр кезеңде қасымда болған мамандар мен бапкерлерге ризашылығымыз шексіз. Менің жарысқа қатысуым барысында трибуна және көгілдір экран арқылы қолдау көрсеткен барша қазақстандықтар мен жанкүйерлерге ризашылығымды жеткізгім келеді. Сондай-ақ маған әлеуметтік желі арқылы қолдау білдірген азаматтар аз болған жоқ, - деді Михаил Шайдоров.