Римнің тарихи орталығында, Колизей маңында орналасқан ортағасырлық Конти мұнарасы (Torre dei Conti) реставрация жұмыстары кезінде опырылып түсті, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиға кезінде ғимарат ішінде төрт жұмысшы болған. Алдын ала мәлімет бойынша, үшеуі түрлі жарақат алған, ал бір жұмысшы 66 жастағы румын азаматы Октав Стройчи үйінді астында қалып қойған. Оны өрт сөндірушілер 12 сағаттан кейін шығарып, ауруханаға жеткізгенімен, жедел жәрдем көлігінде жүрегі тоқтап, қайтыс болғаны хабарланды.
Құтқару операциясы кезінде мұнараның тағы бір бөлігі құлап, өрт сөндіруші жеңіл жарақат алған.
Torre dei Conti мұнарасы IX ғасырда тұрғызылған және Конти әулетінің резиденциясы болған. Кейін папа Иннокентий III бұйрығымен XIII ғасырда қайта салынған. ХХ ғасырда мұнда Рим мэриясының кеңселері орналасқан.
Қазіргі таңда ескерткіш реставрацияда болған, оның 2026 жылы аяқталуы жоспарланған еді.