Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ресейде Тоқаевтың әкесіне арналған сквер ашылады

13:14, 09 шілде 2026
 

Ресейдің Омбы қаласында жазушы, соғыс ардагері және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаевтың есімі берілген сквер ашылады. Бұл шешімді Омбы қалалық кеңесінің қала құрылысы, сәулет және жер пайдалану мәселелері жөніндегі комитеті қолдады, деп хабарлайды Alash.kz сайты Ulysmedia.kz дерегіне сүйеніп.

 

Сквер Гагарин көшесіндегі соғыс ардагерлеріне арналған госпитальдің жанында орналасқан. Дәл осы жерде Кемел Тоқаев 1945 жылы майданда ауыр жараланғаннан кейін емделген.

Скверге есім беру бастамасын Омбы облысының өңірлік қазақ ұлттық-мәдени автономиясы көтерген.

Қала әкімдігі мәліметінше, соғыс кезінде автоматшылар бөлімшесінің командирі болған Кемел Тоқаев аяғынан ауыр жараланып, Омбыдағы №1494 эвакуациялық госпитальге жеткізілген. Дәрігерлер оның аяғын ампутациядан сақтап қалған.

Кейін бұл госпитальдің орнына Соғыс ардагерлеріне арналған госпиталь ашылып, 2020 жылы ғимаратқа Кемел Тоқаевтың құрметіне мемориалдық тақта орнатылған.

Скверге есім беру туралы түпкілікті шешімді Омбы қалалық кеңесінің депутаттары пленарлық отырыста қабылдайды.

КОНТЕКСТ

Кемел Тоқаев – Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі қазақстандық жазушы, отандық детектив жанрының негізін қалаушылардың бірі. Ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар